Қызылордада емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылордада емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр

23.09.2020, 17:20

164 0

Kyzylorda-news.kz. Қазір емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Екі айға жоспарланған шара 15-ші қарашада аяқталады. Өткен жылы облыста 4 мың 211 тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған. Олардың 54,3 пайызы жеке емхананы таңдады.

Емханаға тіркелудің бірнеше жолы бар. www.e.gov.kz веб-порталы арқылы және тікелей емханаға барып тіркелуге болады. Тек жеке басын куәландыратын құжатты болуы қажет.

«Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерде таңдау ұсынылады. Бұл жағдайда, қажет болғанда, емхана дәрігерлері пациенттердің үйіне бара алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды. Тіркеу кезінде ата-анасы да, балалары да бір емханаға баратындай отбасылық қызмет көрсету принципіне басымдық беріледі. 18 жасқа толмаған балаларды олардың заңды өкілдері тіркеуге құқылы. Егер БМСК ұйымында тіркелген адамдар шамадан тыс көп болса, Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қызмет көрсету аймақтан тыс жерде тұратын азаматқа бұл емханаға тіркелуге бас тартылуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтер бойынша жалпы практик дәрігердің учаскесінде 1700 пациенттен артық болмауы тиіс», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Жылдың аяғына дейін емхананы тұрғындар бірнеше жағдайда ауыстыра алады. Біріншіден, адамның тұрғылықты жері бір айдан астам уақытқа өзгерсе, екіншіден, емханада қайта ұйымдастыру болса және ол Қордың қызмет жеткізушілері қатарынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұдан басқа, еліміздің кез келген азаматтың жылына бір рет тұрғылықты жері аймағы бойынша емхананы ауыстыруға құқығы бар.

0

Пікір қалдыру