Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері аса қауіпті құтырма ауруына шалдығу деректері тіркелген жоқ.

Биыл жануарлардың тістеуі, тырнауы, сілекейінен зардап шегіп, медициналық көмекке 290 адам жүгінген. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда зардап шеккендер саны 20,5%-ға төмендеді.

Жарақат алғандардың басым көпшілігі қала тұрғындары болып отыр. Жануарлардан зардап шеккендердің барлығына 100% аса қауіпті құтырма ауруына қарсы екпе салынды.

Жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген әрбір адамның тиісті антирабиялық егумен қамтылуына қалалық және барлық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен апта сайын мониторинг жүргізілуде. Ал ерекше тәртіп бойынша жоспарға сәйкес тексерулер барысында травматологиялық бекеттерде, хирургиялық кабинеттерде алғашқы медициналық көмек көрсету барысы, антирабиялық екпелердің дұрыс тағайындалуы, егілуі, зардап шеккендердің профилактикалық емдеу курсынан жалтарған немесе оны өз еркімен тоқтатқан жағдайлары, антирабиялық препараттардың қозғалысы, әрбір жарақаттанушы туралы жедел хабарламаның жергілікті санэпид басқармаларына берілуі, жарақаттанушылардың уақытылы егуге шақырылуы бақыланады.

Жыл бойы антирабиялық вакцина және антирабиялық иммуноглобулин препараттарының қоры үзіліссіз қамтамасыз етіледі.

Облыс бойынша өткен жылы иесіз жүрген 22 242 ит және 1802 мысық жойылды. Ал биылдан бастап 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң талаптарына сәйкес иесіз ит-мысықтардың жою жұмыстары оларды аулау, уақытша ұстау орындары (питомники) және ары қарай жансыздандыру арқылы жүргізілетін болады.

Облыс көлемінде тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу мақсатында санитариялық ағарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жануар тістеп, тырнаған кезде бірден дәрігерге қаралап, ем алуға кеңес береді.

Тағы да оқыңыз: