Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан Қызылорда қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мемлекеттік сатып алу негізінде «Ажар City» сауда үйі арқылы азық-түлік түрінде әлеуметтік пакеттер таратылуда.
Осы бағытта облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 1 наурызына қала бойынша 3821 отбасы (18510 адамға) 342 110,9 мың теңге тағайындалып, 3301 отбасы (18500 адамға) 164 695,0 мың теңге төленген.
Кеше «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның мүшелері «Ажар City» сауда орталығында болып, таратылатын азық-түлік сапасына, сақталу мерзіміне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу барысында жарма ұнтағын өлшеп салу (расфасовка) кезінде пайдалану мерзімін толық көрсету, азық-түлікті өлшеп салуға (расфасовка) кәсіпорынның рұқсат қағаздарын көрнекі жерге ілуді, азық-түлікті алушыларға сақталу мерзімін көрсетіп тарату бағытында ұсыныстар айтылды.
Жалпы тұрғындарға таратылатын азық-түліктің сақталу мерзімдері бұзылмаған. Азық-түлікті қоймада сақтау, оны әрі қарай таратудың санитарлық нормалары да сақталған.


