Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданы Таң ауылдық округінде Қызылорда облыстық ауыл әйелдерінің слеті өтті.

Слет барысында қонақтар ауыл келбетімен, кәсіпкер әйелдер өнімдерінің, ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмелерімен танысты. Облыстық слетқа Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова модераторлық жасаса, «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Райкүл Байназарова, «Сыр аналары» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мусаева, Арал ауданындағы «Ақбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Мейрамкүл Махатова, Шиелі аудандық Ы. Жахаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің директоры Құттықыз Ыханова сөз сөйледі. Сонымен қатар слет барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет ауыл тарихына, ауылдағы азаматтардың көмегімен атқарылған жұмыстарға тоқталып, слет жұмысына сәттілік тіледі.

«Бүгінгі слет өткізіліп отырған Таң ауылының тарихы 1928 жылдан бастау алады. Бұл ауылдағы негізгі шаруашылық – «Таң ЛТД» ЖШС. Серіктестік төрағасы облыстық мәслихат депутаты Шағыртаев Имамзада.
Өзі туып өскен ауылдың дамуына, халықтың жағдайының жақсаруына үлес қоссам деп еңбектеніп келе жатқан Имамзада Қуанышбайұлының бастамасымен Таң ауылы абаттанып, орталық алаң қалыптасты. Сонымен қатар «Әбжәли» мешіті күрделі жөндеуден өткізіліп, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында спорт кешені ғимараты салынып, заманауи «Таң бөбегі» балабақшасы бой көтерді.Тәулігіне 150 тонна күріш салысын ақтайтын күріш зауыты іске қосылып, №118 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл игілікті жұмыстардың барлығы ауылдағы әйел азаматтарымыздың, батыр аналарымыздың қолдауымен жүзеге асырылды», – деді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет.

Облыстық слетте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер марапатталды.

Бұдан соң облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Сондай-ақ Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің, Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің, «Сыр аналары» қоғамдық қорының жұмыстары баяндалып, білім саласы қызметкерлерімен, Аналар кеңесімен кездесулер, кәсіпкер әйелдермен семинар-тренинг өткізілді.

Тағы да оқыңыз: