Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының орталығында орналасқан үйінің ауласын ірі көлемдегі есірткі алқабына айналдырған 48 жастағы тұрғын ұсталды
Ағымдағы жылы 16 тамыз күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының 48 жастағы тұрғыны есірткінің заңсыз айналымымен айналысқаны үшін ұсталды.
Оның тұрғылықты мекен-жайының ауласына қарап-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында әрқайсысы 3-4 метр биіктікке дейін өсіріліп, бапталған мың түптен аса сора өсімдігі анықталды.
Одан бөлек, сора өсімдігін кептіріп, дайындалған 2 қапқа және көлемі 5 литр болатын 5 дана пластикалық ыдысқа нығыздалып, салынған өзіне тән ерекше хош иісі бар есірткі затына ұқсас шөп ұнтақтары анықталып, заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Тағайындалған сараптаманың қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 320 келіден асатын 1089 түп сора өсімдігі және 4 келіден асатын марихуана есірткі затына жататынын бекіткен.
Аталған азамат күдікті ретінде танылып, одан жауап алу барысында аса ірі көлемдегі есірткіні өзі тұтынатынын, арасында көлеңке жолмен қаражат табу мақсатында сататынын көрсеткен.
Қазіргі уақытта күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) және 296-бабының 4-бөлігіне (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сәйкес тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.