Қызылордада ақылы жолдар жөнделеді – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада ақылы жолдар жөнделеді

30.12.2021, 17:55

378 0

Kyzylorda-news.kz. Осы жылдың қараша айында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар жолдарға ақылы жүйе енгізілген болатын. Соған орай, келер жылдан бастап жолдарды қайта жөндеу жұмыстары басталады. Қазіргі таңда А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» учаскесіне қайта жаңарту қолға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазАвтожол» АҚ ҰҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай мәлімдеді.

Бүгінде Еуропа қайта құру және даму банкімен қаржыландыру бойынша келісімдер мен тендерлік рәсімдер жүргізілуде.

«Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 жылда аяқталады. Шамамен 2 жарым адам жұмысқа тартылады, оның 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Жол құрылысына қажетті материалдар Жаңақорған және Шиелі аудандарының карьерлерінен пайдаланатын болады. Жоба бойынша Қызылорда қаласының ұзындығы 14,6 шақырым болатын айналма жолы және ІІ санатты ұзындығы 204 шақырым болатын жолы жөнделеді», – деді Шанжархан Қасымханұлы.

Айта кету керек, осы жолдың 25 шақырымынан бастап М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1827 шақырымына дейін Қызылорда қаласын айналып өтіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне кіруге мүмкіндік береді. Яғни, әр көлік Шымкент және Самара бағытына қарай жүре алады.