Kyzylorda-news.kz. Облыста алаяқтық қылмысқа қатысты деректер өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға төмендеді. Жыл басынан бері алаяқтық санатындағы 36 қылмыстық іс сотқа жолданып, оның 24-і тараптардың ымыраға келуіне байланысты тоқтатылды.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов мәлімдеді.
«Бүгінде елімізде банктің атын жамылып, өзгенің ақшасына қол сұғатындар көбейді. Дәлірек айтқанда, жергілікті сот органдарымен 23 адамға қатысты 21 қылмыстық іс қаралды. Талдау барысында сотқа жолданған алаяқтық істердің басым көпшілігі – жер немесе тұрғын үй алып беруге, несие рәсімдеуге, жұмысқа орналастыруға, көлік жүргізу куәлігін алып беруге байланысты істер қозғалған. Ал биыл тіркелген 316 алаяқтық қылмыстың 51 пайызы интернет алаяқтыққа жатады. Кінәлі азаматтар ҚР заңына сәйкес жауапқа тартылды. Алаяқтың арбауына түспеу үшін еш нәрсеге көз жеткізбей, бөтен азаматқа ақша аудармау қажет. Ал онлайн қызметке жүгінген кезде өзге қаладағы таныстарына немесе туыстарына айту арқылы нақты тексеріп алған жөн. Егер онлайн қызметтердің ісіне күмән туындаса дереу құқық қорғау қызметіне жүгіну қажет. Себебі, қылмыстың тездетіп ашылуына өз септігін тигізеді», – деді Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов.