Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдайға байланысты бүгінде облыста зардап шеккен әкімшілік және кәсіпкерлік ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүруде.

Облыс әкімінің және аумақтық коменданттың бұйрықтарына сәйкес облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына тиісті тапсырмалар берілген.

«Күшейтілген жауынгерлік қызметтегі құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскерилер қаңтардың 7-19 аралығында 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қала аумағында өртенген көліктерді арнайы тұраққа тасымалданды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан залал келтірілген 9 мемлекеттік әкімшілік мекеме ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнге, ғимарат іштерін өрт қоқыстарынан тазарту, жарамсыз есіктер мен терезелерді ауыстыру, қабырғаларды ыстан тазарту, қайта сылау жұмыстары атқарылуда», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.

Сонымен қатар, бүгінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен тәртіпсіздің салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі жасалуда.

Қызылорда қаласы бойынша 20 кәсіпкерлік субъектісінен жалпы 30 нысанға 404,1 млн. теңге көлемінде залал келтіргендігі жөнінде арыздары қаралған. Мәселен, «Компас», «Синойл», «Газ энерджи» жанар-жағармай бекеттері, «Бірлік», «Аль-асад», «Смол» және өзге де сауда үйлері, ломбард, «Киви» терминалдары, сондай-ақ, өндіріс және қызмет көрсету орындарына залал келтіріліп, тоналған.

«Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлік нысандардың нақты шығынын анықтау және арнайы комиссияның қарауына шығару үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта, құжаттарды комиссия қарауына енгізу, шығындарды өтеу жұмыстары Үкіметтік комиссияның хаттамасымен бекітілген алгоритм аясында жүргізілетін болады», – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Тағы да оқыңыз: