Kyzylorda-news.kz. Бүгін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кубогына арналған Макаров тапаншасынан атудан жарыс өтті.

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кубогына арналған құқық қорғау органдарының қыз-келіншектер арасында Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың спорт кешенінде Макаров тапаншасынан атудан жарыс өткізілді. Жарыс ПД Арнайы жұмылдыру даярлық басқармасымен ұйымдастырылды. Жарысқа 32 команда қатысты.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шамшидин Амитов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысында «Жеңіске деген жігері үшін» атты дипломмен Қызылорда қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы полиция майоры Айымкүл Сағынадинова марапатталды.

Тапанша ату сайысында қарсыластарынан оза шапқан Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың құрама командасы І орын иеленді. Ал ІІ орынды Арал аудандық полиция бөлімінің командасы жеңіп алды. Сондай-ақ ІІІ орын Қазалы аудандық полиция бөлімінің командасына бұйырды.

Жарыста жекелей сынға түскен қыздар арасында І орынды Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы полиция подполковнигі Бақыткүл Самратова жеңіп алды. ІІ орынға Қазалы АПБ-нің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Махаббат Бегалиева және ІІІ орынға Қызылорда облысы Арал аудандық полиция бөлімінің штаб тобының аға инспекторы полиция майоры Гүлнар Есенжолова ие болды.

Жеңімпаздар кубок медаль және алғыс хаттармен марапатталып, «Динамо» ДШСҚ спорттық киімі сыйға тартылды.

Тағы да оқыңыз: