Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебінің аудиториясы ашылды. Шарада аталған  мектеп түлектеріне сертификат табысталды.

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында өткен шарада сөз алған университет ректоры болашақ мемлекеттік қызметшілерді елге адал қызмет етуге шақырды.

«Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады»-, деді университет ректоры Бейбіткүл Каримова

Оқу орнында ашылған «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебі –  жас көшбасшыларды оқыту, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Мектепке «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы 4 курстың 25 студенті қабылданып,  ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының Қызылорда филиалында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.  Облыс әкімдігі мен басқармаларда тағылымдамадан өткен. Мұндағы мақсат – келешегін мемлекеттік қызметке арнағысы келетін жас маманның ЖОО дипломымен бірге мемлекеттік қызметтің талап-дағдыларын да қоса меңгеріп шығуына көмектесу.

Салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Рафхат Бисенов құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге сәттілік тіледі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде кафедраның өндірістегі филиалын ашу жөніндегі келісімге келіп, ережеге қол қойды.

Тағы да оқыңыз: