Kyzylorda-news.kz. Қоғамда ең көп сын садағына ұшырайтын сала жол инфрақұрылымы. Бүгінде аймақта жол құрылысы қызу жүріп жатыр. Бірақ, сол жолдардың сапасы көбіне үдеден шықпайды. Осы мақсатта, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда филиалының базасында өңірдегі жол салушы мердігерлер мен тапсырыс беруші мемлекеттік мекеменің өкілдері жиылды.

Орталық мамандары жол құрылысында жиі кездесетін олқылықтарды тізіп, кемшіліктердің алдын алу бойынша кеңес берді. Себебі, қазіргі таңда салынып жатқан кейбір автожолдардың сапасы сын көтермейді. Асфальт жабындылары нормаға сай шықпайды.

«Жалпы жолшылардың жұмыс маусымы басталған уақыттан бері біздің мамандар 169 рет жолдарға тексеруге шығып, ішінара 508 сынама зертханалық зерделеуден өтті. Соның нәтижесінде 63 жол құрылыс материалы нормативтік талаптарға сай болмай шықты. Біздің мекеме тарапынан мердігерлер мен тапсырыс берушілерге ескертпе хаттамалар жіберіліп, 20 миллион 350 мың теңгенің сапасыз асфальт жамылғысы сүріліп, нормаға сай қайта төселді. Яғни, жол салушы компаниялар едәуір шығынға батты. Егер, о баста зауыттан шыққан асфальттің сапасын жіті тексеріп, оң қорытындысын алғаннан кейін салса мұндай болмас еді», – дейді филиал директоры Ерболат Көштаев.

Басқосу барысында мамандар көбіне асфальттың тығыздығы мен қалыңдығы нормаға сәйкес келмейтінін жеткізді. Яғни, жолдың құрылысына жауапты техникалық қадағаушылар тиісті бақылау жүргізбей, мемлекеттік стандартқа сай келетін зертханаларға жүгінбейді. Осындай немқұрайлы көзқарастан жол салушы мердігер компаниялар опық жеп отыр.

Кездесуде жол құрылысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар мекеменің зертхана жұмысымен танысып, асфальт жабындылары қалай тексерілетінін көзбен көрді.

Тағы да оқыңыз: