Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың қалдықтарды басқару саласындағы 3 нысаналы индикатор бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру.
Бұл бағытта жалпы облыс аумағында түрлі қалдықтарды тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 40 тан астам кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. 2020 жылдың 6 айында жинақталған 58,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 10,5 мың тоннасы өңделді. Пайыздық үлесі 17 % құрады.
Халықты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыс тұрғындарының 70,8 % тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, полигондарды экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында облысқа қарасты елді мекендерге барлығы 402 гектар жер учаскелері белгіленді.
Қызылорда қаласында мемлекеттік – жекешелік әріптестік аясында қалдықтарды сұрыптайтын кешеннің құрылысы аяқталды. Жаңа кешенде жылына 60 мың тонна қалдықтар сұрыпталатын болады.
Арал қаласындағы полигон құрылысына қажетті қаржы облыстық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарына жаңа полигондар мен сұрыптау кешендерінің жобалары әзірленуде.
Сондай-ақ, «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы және «Волонтер жылы» аясында қоғамдық кеңес, еріктілер және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мекемелерінің мүшелерімен жұмысшы топ құрылып, облыс елді мекендерінде санитариялық тазалық, рұқсатсыз орналасқан стихиялық қоқыс үйінділерін анықтауға рейд жұмыстары ұйымдастырылып, бақылауға алынды.
Айта кетейік, стихиялық қоқыс орындарын болдырмау үшін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан «WhatsApp» мессенджері +7 707 160 53 66 нөмірі арқылы «ЭКО – ПАТРУЛЬ ҚЫЗЫЛОРДА» жобасы жұмыс жасауда.