Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 357 мемлекеттік органда 3 471 мемлекеттік қызметші аймақ дамуына қызмет етуде. Олардың 94% жоғары білімді, 496-сы, яғни 14,2% жастар, 1 588-і әйелдер. Басшы лауазымдағы әйелдер саны – 365. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жасұлан Шынтасов мәлімдеді.

Аймақта меритократия қағидатына сәйкес ішкі конкурстардың нәтижесімен жоғары лауазымдарға орналасқандардың үлесі 76,3 пайыздан асып отыр.

«Бүгінгі таңда тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан жемісті жоба «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі аймағымыздағы мемлекеттік органдарда қызмет етуде. Айта кеткен жөн, мемлекеттік қызметшілерді даярлауда ерекше мәртебеге ие ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 22 түлегі аймақ мерейін асқақтатуға жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай облыс әкімімен іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда», – дейді Жасұлан Шынтасов.

Мереке қарсаңында облыс әкімінің жүлдесіне арналған XXVI дәстүрлі мемлекеттік және ведомство қызметкерлері арасында спартакиада басталды. Спорт додасында 1000-нан астам мемлекеттік қызметкер пневматикалық мылтықпен ату, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, волейбол, арқан тарту, жүзу секілді 9 спорт түрі бойынша бағын сынауда. Спартакиаданың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 23 маусымда сағат 12:30-да «Мұз айдынында» өтеді.

«Биыл, білікті кадрлар дайындау мақсатында құрылған «Абырой» мемлекеттік қызмет мектебінің алғашқы 25 түлегі қанат қақты. Департамент, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы бірлесіп аталмыш мектепті табысты аяқтаған тыңдаушыларға арнайы сертификат табыстады», – дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өңірдегі өнерлі мемлекеттік қызметшілерді қолдау әрі ынталандыру мақсатында 7 маусымнан «Өнерлі мемлекеттік қызметші» шығармашылық конкурсы басталды. Бүгінгі күні 40-қа жуық қызметшінің жұмыстары конкурсқа қатысуда. Конкурстың қорытындысы 25 маусымда белгілі болады.

Тағы да оқыңыз: