Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде екі мыңнан астам студент ана бар.
«Ізденіс жолы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен облыстық студент аналар кеңесі 150 жас анаға әртүрлі бағытта кеңес өткізді. Бұл жоба 6 айға дейін жалғасатын болады.
«Өңірімізде алғаш рет ашылған жоба оқу мен отбасыны қатар алып жүрген студент аналарға арналады. Отбасылы студенттерге әлеуметтанушылар, заңгерлер, психолог мамандар кеңес береді. Мәселен, атаулы әлеуметтік жәрдемақы, құқықтық және психологиялық тұрғыда шешілмеген мәселелерді қарастырады. Үш айдың ішінде 150-ден астам жас ана өздеріне қажетті көмекті алды», – деді «Ізденіс жолы» қоғамдық қорының төрағасы Серікхан Жүзеев.
Бұл жобаны халықаралық USAID агенттігі қаржыландырады. Жоба аясында облыстық студент аналар кеңесінің төрайымы сайланып, кеңес құрамы бекітілді.
«Жобаны Евразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылуда. Елімізде мұндай бағдарлама алғаш рет бастау алды. Отбасылы немесе жалғыз басты студент аналарды қорғау, оларға көмек беру мемлекеттік деңгейде жүргізілуі керек деген ойдамын», – деді «Евразия» қорының қаржы жөніндегі өкілі Қорлан Жапарова.
