Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы тұрғындарының 31,5 пайызы коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды. Мәселен, бірінші компонентін 120 675 адам , ал екіншісін 66 603 тұрғын қабылдады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов мәлімдеді.

Бүгінде облыс бойынша 19 медициналық мекемеде індетке қарсы егу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазіргі таңда індетті ауыздықтар бір ғана жол бар. Ол – вакцинация. Бізге алып-қашпа сөздерге еруді қойып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға сергектік таныту маңызды. Өзіміздің және отбасымыздың, айналамыздың қауіпсіздігін сақтаудың жауапкершілігін жіті сезінуіміз керек», – деді Сәбит Бексейітұлы.

Қазіргі уақытта «Спутник V», «QazVac» және «Hayat-Vax», «Корона Вак» вакциналары қолданыста. Екпенің жеткілікті қоры барлық медицина ұйымдарында жасақталған. Егу маусымы басталғалы облысқа вакциналардың 1-компонентінен – 165 560 дозасы, 2-компонентінен 87 300 доза екпе жеткізілген. Қазіргі таңда екпенің 1-компонентінен 46 736, 2-компонентінен 21 121 доза қалды.

«Аймақта жыл басынан бері 167 мониторингтік топ 10 мыңға жуық нысанды тексерді. Нәтижесінде 325 карантин талаптарын бұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Қазіргі таңда бірқатар шетелде және бізбен көршілес елдерде коронавирус инфекциясы қайта бас көтеруде. Ғалымдар әлемде вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне коронавирустың Үндістанда табылған жаңа штамы да себеп болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы күн санап артуда. Санкт-Петербургте инфекция жұқтыру оқиғалары санының өскені соншалық, инфекциялық ауруханалардағы палаталар санының тапшылығы байқалуда. Ауруханадағы инфекциялық бөлімде орындар жетіспегендіктен, науқастастар еденге жатқызылуда. Бұл жағдай бізде қайталанбас үшін орай әр адам өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», – деді облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Тағы да оқыңыз: