Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ұстаздардың кәсіби қызметі мен мәртебесін арттыру бағытында 10 үздік ұстазға ерекше төсбелгі, 10 ұстазға бір реттік қаржылай сыйақы 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде берілетін болады.
Төсбелгі білім беру саласына айрықша еңбегі сіңген, республикалық конкурстардың жеңімпазы атанып, озат шәкірттер тәрбиелеген, жетістікке жеткен ұстаз иемдене алады. Білім беру ұйымдарында кемінде 5 жыл педагогикалық өтілі болуы шарт.
“Конкурс ашық түрде ұйымдастырылады. Арнайы комиссия құрамы бекітіледі. Комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері мен журналистер, арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысады. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші – мектеп ішіндегі педагогикалық кеңестің шешімін алады. Екінші кезекте – аудандық немесе қалалық білім бөлімінің комиссиянан өтеді. Үшінші кезең – білім басқармасы арқылы іріктеуге алынады. Яғни қажетті құжаттарды ұсыну қажет. Ең үздік деп танылған ұстаз жыл қорытындысы негізінде облыс әкімінің арнайы қатысуымен өтетін жиында марапатталады”, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.