Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының жолдарында малды қағып кетудің 5 фактісі тіркелді. Бұл туралы Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқыс оқиғалар кезінде жол апатынан 2 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 11 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Жалпы, Қызылорда облысында мал жаю қағидасы бұзылған 1300-ден астам дерегі тіркелген.

«Қызылорда облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 1312 дерегі анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес айыппұл салынды. Онда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу жағдайы көрсетілген», – делінген Қызылорда облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Облыстық Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында малы бар тұрғындарға ескерту жасады.

«Құрметті облыс тұрғындары, орын алған жол-көлік оқиғаларын ескере отырып, жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз», – деп мәлімдеді департамент қызметкерлері.

Тағы да оқыңыз: