Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тас жолының бойында автокөліктердің мал қағу жағдайы жиі кездеседі. Былтыр тіркелген 8 оқиғада көлікте келе жатқан 2 адам мерт болып, 13 адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған байланысты қызылордалық полицейлер мал иелеріне көлік қозғалысына кедергі келтіретін үй жануарларына жарық шағылыстыратын алқа тағуға кеңес беріп отыр. Жалпы, төрт түліктің жол бойында қараусыз жайылып жүруі көп кездеседі. Ол көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Әсіресе, көктемгі уақытта үй жануарларын бағу ережелері сақтала бермейді. Соның салдарынан қараусыз малдардың жолға шығу деректері жиі орын алады.

«Қараңғы мезгілде малды жол маңында жаюға, қараусыз қалдыруға тыйым салынған. Алайда, бұл талаптар мал иелері тарапынан тиісті деңгейде орындалмайды. Автомобиль жолында малдардың қараусыз жайылып, жолға шығу салдарынан орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары алаңдатады. Жарық шағылыстыратын алқа тағудың маңызы зор. Ол жол апатының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіз жүруіне әсерін тигізеді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тағы да оқыңыз: