Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Жедел шарада қала тазалығы мен кәріз суларын бей-берекет төгетін автокөліктердің жолын кесуге басымдық берілген. Сондай-ақ қала тұрғындарының карантиндік режим талаптарын сақтауы да назарға алынды.

Орын алып отырған заң бұзушылықтарды ескерсек, жоғарыда аталған әр саладағы жұмыстарды ширату керектігін көрсетеді.

Шілденің 23 күні 2 адамның өмірін қиған Тасбөгет кентіндегі жол көлік оқиғасы жол қауіпсіздігі бойынша бақылауды арттыру керек екенін аңғартты. Қайғылы жағдайды назарға алған қала әкімі тиісті органдарға жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар қала тазалығына кері әсерін тигізіп, қаланы ластаушылардың әрекеті де өзекті мәселелердің бірі.

Жыл басынан бері санитарлық ережелерді бұзған 70 азамат анықталған. Сонымен қатар бос жатқан жер учаскесін қоқыс алаңына айналдырған деректер де кездескен. Аталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар көріліп, ескерту жасалды.

Ал қаламыздағы ассенизатор жүргізушілерінің біршамасы кәріз суларын бей-берекет төгіп, қоршаған ортаға өз зияндарын тигізген. Жыл басынан бері қала әкімшілігі мен Қызылорда су жүйесі қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген рейд барысында 91 құқық бұзушылық анықталып, 51 талап-арыз сотқа жолданған.

Аталған бағыттағы заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін қала әкімдігі мен облыстық, қалалық жергілікті полиция қызметі, Қызылорда су жүйесі және Қызылорда тазалығы мекемесі қызметкерлерінен арнайы топ жасақталған. Арнайы топ заң бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында өз жұмысын жалғастыратын болады.

Тағы да оқыңыз: