Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімдігінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кеңейтілген жиын өтті.

Отырыста тиісті сала басшылары мен аудан әкімдері қатысып, ортақ мәселелер бойынша пікірлесті. Жиын барысында екі мәселе қаралып, бағдарлама шеңберінде іске асқан жобалар мен негізгі мәселелер талқыланды.

Облыста 2019 жылдан бері республика бойынша 2025 жылға дейін қарапайым заттар импортын 37%-ға азайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл ретте қолжетімді несие беруді шешу үшін республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінсе, ағымдағы жылы 400 млрд теңге қосымша қаржы бөлініп, қаржыландырудың жалпы сомасы 1 трлн теңгені құрады. Негізгі мақсат – импорттық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жергілікті тауарларға ауыстыру.

Жиында индустриялық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Жолмырза Еламанов бағдарламаның өңірде іске асырылу барысын баяндады. Бүгінгі күнге бағдарлама аясында жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайтын 109 жоба несиелендірілген. Бағдарлама шеңберінде мақұлданған 60 жобаның басым бөлігі, яғни 52-сі ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар. Яғни, жылқы, сиыр және басқа да ірі қара мал өсіру.

Отырыста облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Пірмұхаммед Сыздықов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің несие алуына ықпал жасау бағытында негізгі мәселелерге тоқталды.

Жиын барысында бағдарлама бойынша тиесілі жобаларды игеру мәселесіне қатысты Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының әкімдеріне тапсырма жүктеліп, негізгі жоспарлар бойынша пікірлер тыңдалды.

Жиында қаралған екінші мәселе – қаржы институттарының қатысу деңгейіне қатысты өрбіді. Биылғы жылы аймақта мақұлданған 60 жобаның ішінде екінші деңгейдегі банктермен құны 355,5 млн теңге құрайтын 8 жоба мақұлданған. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің белсенділігі мәселесі талқыға түсті.

Тағы да оқыңыз: