Kyzylorda-news.kz. Былтыр елімізде 103964 неке тіркелген болса, оның 45204-і сот шешімімен ажырасқан. Жалпы, статистика мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары шаңырақ көтергендердің саны көбейген. Тиісінше шаңырағын шайқалтып, баланы тірі жетім етіп, ажырасқандар да жетерлік. Бұл мәселеде Қызылорда облысында да көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Ажырасушылардың дені отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болып, соңында балаларын бауырға қысып, үйден безген. Ал ерінің соққысына қалған қыз-келіншектердің біразының барар жері, басар тауы жоқ. Алғашқыда ата-анасының үйін паналаса, мұндай жағдай қайталана берген соң далада қалатындар көп. Жағдайы бар, күн көруге шамасы жететіндер пәтер жалдайтыны анық. Ал мамандығы жоқ жұмыссыз жандар қайда күнелтуде?!

Осыдан 3 жылға жуық уақыт бұрын Қызылорда облысында «Қамқорлық» дағдарыс орталығы ашылған болатын. Бұл орталық отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Орталық Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен ашылған.

Мереке қарсаңында біз де «Қамқорлық» дағдарыс үйіне ат басын бұрдық. Басты мақсатымыз ондағы жағдаймен танысу, орталықты паналаған нәзік жандармен тілдесу болатын.

Қорғансызға пана болған мекенге кіргеннен алдымыздан орталық меңгерушісі Жанар Алтынбасова қарсы алды. Қамқорлық үйіндегі тұрмыс-тіршілікпен таныстырғаннан соң, орталықтың қазіргі таңдағы жағдайы туралы аз-кем ақпарат ұсынды.

«Орталықта қызмет алушыларға тұрмыстық, психологиялық, медициналық, құқықтық, педагогикалық, экономикалық, мәдени, еңбек түріндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бүгінгі күні орталықта 54 адам қызмет алуда. Олар негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа күш көрсету, психологиялық және экономикалық түрлеріне ұшыраған аналар мен балалар болып табылады», – дейді орталықтың меңгерушісі Жанар Алтынбасова.

Дағдарыс орталығы 40 орынға арналған. Орталыққа биыл жыл басынан бері 84 адам қабылданған. Яғни, екі ай ішінде 27 отбасы келіп көмек алған. Өткен жылы бұл мерзімде 47 адам келіп қызмет алған. Жыл санап орталыққа келушілердің саны артып, былтырғы жылмен салыстырғанда қызмет алушылардың саны 44 пайызға көбейген.

«Биылғы жылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аймақтың барлық аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желіде белсенді парақшаларымыз бар. Сондай-ақ орталықтың әлеуетін арттырып, қызмет көрсету саласын кеңейту, орын санын арттыру бағытында жұмыстар жасалуда. Орталық тарапынан облыс әкімдігіне тиісті ұсыныстар берілді. Дағдарыс орталығы жанынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда облыс әкімдігіне ұсыныс берілді. Енді қолдау болса, оны да жүзеге асыруға дайынбыз», – дейді Жанар Алтынбасова.

Қамқорлық үйінің тыныс-тіршілігімен танысып болған соң, ондағы қызмет алушылармен тілдесуге тырыстық. Егде жастағы әйелге көзіміз түсіп, оны сөзге тарттық.

Күйеу баласынан зәбір көрген ана

Алғашқыда өткен өмірі жайында сөз қозғауды құптамаған апамыз соңында ағынан жарылды. Ол орталыққа осыдан 2 ай бұрын келген. Қасында қызы мен үш немересі бар.

«Орталыққа келгеніме 2 ай болды. Бұған дейін де келген болатынмын. Қазір қасымда қызым мен немерелерім бар. Үлкені мектепке, екіншісі тегін балабақшаға барады. Кіші немерем қасымызда, ол әлі кішкентай. Өзімнің бір ғана қызым бар. Жолдасыммен ажырасып кеткенбіз. Арамызда ешқандай ұрыс болған жоқ. Қазіргі таңда қызым әкесімен араласып тұрады. Жолдасым – оңтүстіктің азаматы. Мен сол жаққа келін болып түскенмін. Кейін анам ауырып, Қызылордаға жиі келіп тұрдым. Сөйтіп жүргенде арамыз суыды ма, білмеймін?! Біраз уақыттан соң ол екінші әйел алды. Негізі заңды түрде ажырасқан жоқпыз», – дейді қызмет алушы.

Бұл кісінің айтуынша, ата-анасынан қалған баспана бар. Алайда ол үйді белігілі себептермен паналай алмайтын көрінеді. Жалғыз қызы тұрмыс құрған соң, соңынан еріп, күйеу баласының қолында тұрған. Уақыт өте келе, күйеу баласы қызына қол көтеріп, ішімдік ішуді жиілеткен.

«Бастапқыда барлығы жақсы болды. Кейін ішімдік ішіп, қызымды ұратынды шығарды. Кейде маған да қол көтеретін. Барлығына көз жұмып, кешірдік. Алайда уақыт өткен сайын, ол бұл іс-әрекетін тоқтатпады. Сосын осында келуді жөн санадық. Орталық табалдырығын алғаш аттағанда қызының ұнжырғасы түсіп, бүк түсіп жата беретін. Қазір тамақ жасап, балаларының жағдайын жасауда», – дейді кейуана.

Өмір сүруге деген құлшынысы жоғары кейуананың алға қойған мақсаты бар. Алайда қызының алдағы өмірі алаңдататыны жанына батады екен.

«Қызымның ешқандай мақсаты жоқ. Әбден маған сеніп, арқа сүйеп кеткен. Алған мамандығы жоқ, жұмыс істеп көрмеген. «Мен ылғи сенің жаныңда отырмаймын» деп айтып отырамын. Бірақ еш ұмтылыс, болашағына деген сенімі жоқ», – дейді ана.

«Баламның табанына кірген тікен, маңдайыма қадалсын» демекші, бұл ана да қызының кем-кетігін жасырып, алдағы күндерін жарқын етуге барынша тырысып бағуда.

«Тамағымыз тоқ» деп қазіргі күніне алғысын жаудырып отырған ана күйеу баласының арасында қаражаттай көмектесіп тұратынын айтты. Сонымен қатар өзінің туған ағасы да қарасып тұратын көрінеді.

«Бауырларым бар. Бірақ қызыммен, немерелеріммен кімнің қолына барып сыямын. Әркімнің өз өмірі бар. Олардың да өз мәселелері жетерлік», – дейді ол.

Орталықты пана еткен ана жыл сайын аймақтағы жүйке-жүйесі аурулар ауруханасынан ем алып тұрады. Жасы 50-ден енді асқан ол сырқатына байланысты ерте зейнет жасына шығуды көздейді. Осы мәселе бойынша көмек көрсетілсе деген ниетін де білдірді.

«Туған жеріме қайтқым келеді»

Орталықтағы келесі қызмет алушы құқық қорғау саласының қызметкері екен. Бірақ қызметін нақты айтпауды өтінді. Оның да өз өтініші бар көрінеді. Оңтүстіктің қызы көп жылдан бері жұмыс бабымен өзге қалада қызмет атқарған. Алғашқы тұрмысы сәтсіз болып, екі баласымен айырылысқан екен. Мұнан соң қызылордалық жігітке тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда екі баласы студент. Ал екінші жолдасымен екі қызды тәрбиелеп келеді.

«Жолдасым екеуміз басқа қалада жұмыс жасадық. Ол зейнет жасына шығып, Қызылордаға қайта оралған болатын. Сонан соң мені де осында шақырды. Мен келісіп, екі қызыммен ата-енемнің қолына келіп тұрдым», – дейді келіншек.

Балаларының өмірі үшін алаңдаған ана біраз уақыттан соң бөлек кетуді ұйғарады. Оған себеп енесінің шайпау мінезі екен. Бірақ жағдайы келмегендіктен, осы орталықты паналауға тура келеді.

«Жалғыз өтінішім – өзімнің туған өлкеме жұмысымды ауыстырсам екен. Қазіргі таңда осы істі қолға алып отырмын. Алайда бұл мен үшін оңайға соқпауы мүмкін. Қазір ешқандай туған-туысым менің осы жағдайда жүргенімді білмейді. Тек жолдасым мен құрбымның хабары бар», – дейді келіншек.

Алғашқыда қыздарын алдап, орталыққа қонаққа келгенін айтқан ана, кейін барлығын түсіндірген. Үлкен қызының бұл жерден кеткісі келетінін айтқан ол көзіне жас алды. «Менің мұндай жағдайға душар болатыным үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – дейді ол.

Орталықта жаңа туған сәбилер де бар. Мұнда оларға да барлық жағдай жасалған. Жалпы орталық ішінде балаларға арналған ойын бөлмесі, сабақ орындауға лайықталып жасалған бөлме де бар. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған орталық қызмет алушылардың көңілінен шығады.

Орталықта сәбиін дүниеге әкелді

«Мен бұл орталыққа өткен жылдың қараша айында келдім. Екінші сәбиімді осы орталықта жүріп босандым. Тұңғышым – қыз, ол 9 жаста. Қазір 2 айлық ұлым бар. Әзірге жұмысқа шыға алмаймын. Бірақ жұмыс істеуден еш қашқан емеспін. Жолдасым ішімдікке әуестігі бар, оның үстіне жеңіл жүрісті. Көп жылдан бері кешірдім. Қазір көңілім қалды, қайта қосылғым келмейді», – дейді жас ана.

Бұл орталықта қызмет алушылар 6 айға дейін тұра алады. Осы уақыт аралығында жұмыс істеп, біраз қаражат жинауға мүмкіндік бар. Аяққа тік тұрып, алға ұмтылған жандар қиыншылықпен күресіп оны жеңе біледі. Ал қиындыққа төзе білмегендер орталыққа қайта оралады.

P.S. Бұл әйелдер дәл осы уақытта ер азаматтарына арқа сүйеп, өз шаңырағында балаларымен бірге арқа-жарқа кейіпте мерекені қарсы алудың орнына, үйден безіп, пана іздеуде. Көңілдері пәс нәзік жандар тағдыр тауқыметін тартуда. Олар өздерінің нәзік болмысын жоғалтып алғандай…

Динара МАХАНОВА

Дағдарыс орталығы қандай қызметтер атқарады?

Орталық меңгерушісінің айтуынша, мұнда келушілердің дені әлеуметтік желі арқылы біліп келеді екен. Дені «Instagram» әлеуметтік желісіндегі @kamkorlyl.kzo парақшасынан көріп, өзімен тағдырлас адамдардың жағдаймен танысып, көмек сұрайды.

Қамқорлық үйі қызмет алушыларға 7 бағыт бойынша көмек бере алады. Атап айтар болсақ:

Әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету

Орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністері бойынша ішкі істер органдарына хабарлама жіберіліп, жәбір көрсетушіге қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес «қорғау нұсқамасы» шығарылады. Сонымен қатар, бітімгершілікке келу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі болмаған жағдайда ажырасу, алимент өндіру, моральдық және/немесе материалдық шығындарды өтеу және басқа да отбасылық құқықтық қатынастарға сәйкес қызметтік сұраныстар жасалады.

Әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсету

Алғашқы медициналық қарап-тексеру жұмыстарымен бірге, санитарлық-гигиеналық жағдайын тексеру және қалыпқа келтіру, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардан сақтану, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялық аурулардан сақтану және алдын алу тақырыптарында оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы №281 бұйрығына сәйкес медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркеу жұмыстары жасалып, қажеттілігіне қарай бейінді дәрігерлердің қабылдаулары ұйымдастырылып, өз кезегінде бақылауға алынуына тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсету

Қызмет алушыларға жанжалдардың алдын алу және еңсеру үшін тұлғааралық қарым-қатынастарды жөнге салу бойынша көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, қызмет алушының жай-күйі мен жеке тұлғалық ерекшеліктерін айқындау және талдау нәтижелері бойынша тұлғаны психологиялық диагностикалық және тексеру түзету іс-шаралары өткізіледі.

Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер көрсету

Қызмет алушылардың мінез-құлық дағдыларын трансформациялау бойынша сабақтар, семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, мектеп жасындағы оқушылардың үздіксіз білім алуын №278 орта мектепте жалғастырылуына, қажетті оқулықтар мен оқуға керек-жарақтарын алуға ықпал жасалуда.

Әлеуметтік-еңбек қызметтер көрсету

Қызмет алушылар ұйым ішінде және ауласында болатын қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстырылады. Қолжетімділік кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шаралар көрсетілетін қызметтерді алушылардың тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге ықпал етеді.

Әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсету

Орталықта қызмет алушылардың мәдени және бос уақыттарын тиімді өткізу бойынша іс-шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Атап айтқанда мерекелік және айтулы күндер, туған күн атап өту шаралары.

Әлеуметтік-экономикалық қызметтер

Қызмет алушыларға тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды, алименттерді алуға ықпал жасалады. Сонымен қатар, тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу көрсетіледі.

Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз зорлық-зомбылықтың күш көрсету, психологиялық, экономикалық немесе сексуалдық түрлеріне ұшырап, көмек қажет болса хабарласыңыздар: 8/7242/ 70-18-84, 70-20-28, ұялы телефондар: 8 777 340 87 34, 8 777 456 11 06.

Тағы да оқыңыз: