Kyzylorda-news.kz. Бүгін қызылордалықтар «Қала күнін» атап өтеді. Шаһарда мерекеге арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.

Қызылорда қаласы – тарихы бай, өндірісі өркендеген, өткен ғасыр басында ұлт зиялылары қызмет еткен рухани орда.  Сан ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының бейнесінде терең саяси, рухани мән жатыр. Бұл тек жарқын заманауи облыс орталығы ғана емес. Бұл біздің елімізге астана болған, әрі  тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар.

Қызылорда қаласының  тарихында оның атауы бірнеше рет өзгергенін айта кеткеніміз жөн. 1918 жылы қала Ақмешіт аталса,1853 жылы Перовск болып  өзгерген. 1922 жылы қайтадан өз атын алса,1925 жылдан бастап Қызылорда  деп аталды. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынып, ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне орай осылай аталса керек.

1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Сыр қазақтарын қорғаймын деген желеумен орыс әскерлерімен  қамалды басып алып, қоқандықтары қуып  шыққандықтан ол Перовск деп аталған.1867 жылы қала Сырдария уезінің орталығына айналды.1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының пайдалануға берілуіне байланысты қалада депо, вокзал үйлері салынған. Ал,1922-1925 жылдары ол қайтадан Ақмешіт атауын алса, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болғаны тарихтан мәлім.

1925 жылы қалаға Қызылорда атауы беріліп, астана атанса, 1938 жылы Қызылорда облысы құрылған. Сыр өңірі бұл қалада атақты ақын-жазушылардың туындылары сахналанғанын, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегі» қойылғанын мақтанышпен айтады. Қорқыт баба, Жалаңтас Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай,Тоғанас батырлар, сондай-ақ қазақтың біртуар перзенттері Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаевтардың есімдерін жас ұрпақ жадында ұстап, үлгі тұтады.

Қызылордалықтар жер еміп, маржандай күріш егіп, еліне еңбегімен танымал болған Балдырған Мұстапаева, Балапан Арзымбетова, Бексұлу Синаева, Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаева, Нәзира Сейсеновадай қыздарының есімін ерекше ілтипатпен атайды.

Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиология жәнек гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ, ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған.

Күн санап қала аумағы ұлғайып келеді. Соңғы жылдары қалада бірнеше тұрғын үйлер, мәдени-әлеуметтік нысандар, спорт кешендері бой көтерді.

Тағы да оқыңыз: