Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Құқық қорғау қызметтері орталығында» ай сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қоғамдық қабылдауын өткізді.

Түскі үзіліссіз өткізілген бұл қабылдауға 300-ге жуық қала тұрғындары келіп, өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелері мен өтініш-тілектерін жеткізді.

Қала әкімі әр тұрғынның мәселелерін жеке тыңдап, әр мәселе бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырма берсе, қабылдауға келген азаматтардың 70 пайыздан астамының мәселелері дер кезінде шешімін тапты.

Жалпы, қала әкімі Н.Нәлібаев жыл басынан бері 5 мыңға жуық қала тұрғындарын қабылдаған.

Қабылдауға келген тұрғындардың ішінде Аманжол Садықов есімді қария жетім қалған немерелерінің баспана мәселесін айта келген.

Қала әкімі Н.Нәлібаев мәселені жедел зерттеп, нәтижесінде «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекте тұрған қарияның немересі Садықов Ғафурдың кезегі келгендігі анықталып, бұл отбасына сол жағалаудағы жаңа тұрғын үйден 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Сонымен бірге, Тасбөгет кентінің тұрғыны Даңбаева Мәншүк 2006 жылдан бері «Оралман отбасы» ретінде тұрғын үй кезегінде болса, бүгінгі қабылдау барысында бұл азаматшаның да кезегі келуіне байланысты 3 бөлмелі пәтерге ие болды.

Тағы да оқыңыз: