Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов барлық кәсіпкерлеріне үндеу жариялады.
«Сіздер күн сайын ажарланып келе жатқан туған қаламызда өз кәсіптеріңізді дөңгелентіп отырсыздар. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлестеріңіз ұшан-теңіз. Десек те ширатылатын шаруа, атқарылуы тиіс жұмыс көп екені байқалады.
Осы ретте, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ауқымды ұғым ретінде қарастырғанымыз жөн. Жеке әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның өмір сүру сапасына әсер ететін жанама айқындалған немесе айқындалмаған заңнаманың этика, экология, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық және т.б. саладағы ережелер мен нормаларын ұстану бағытында өздеріңізге көп жауапкершілік жүктеледі. Соның ішінде кәсіпкерлік нысанның көз сүйсінер келбеті, тазалығы мен қызмет көрсету сапасы тұтынушы көңілінен шығуы үшін асқан жанашырлық, жан-жақтылық қажет.
Қазіргі таңда билік пен бизнес арасында диалог орнады. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалуда. Сондықтан осы қалада өмір сүріп, кәсіппен айналысып, табыс тапқаннан кейін өз-өзімізді сыйлап, құрметтеу мәселесі алдыңғы орында тұруы керек! Бұл жауапкершіліктің салмағын әрбір кәсіпкер сезінсе екен деймін. Таза, көркем, көзтартарлық нысанның тұтынушы назарынан тыс қалмайтыны белгілі.
Баршаңызды туған қаламызды, ортақ үйімізді, өз аумақтарыңызды таза ұстауға, нысандарыңыздың кескін-келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіруге, әрлеуге, жарықтандыруға, тұтынушыға қолайлы және жағымды орта қалыптастыруға атсалысуға шақырамын», – деді Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов.