Kyzylorda-news.kz ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес қала әкімі Н.Нәлібаев 15 қаңтардан бастап қала көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы есебін беруде.

Бүгінге дейін қала әкімі қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде есеп беру және екі қоғамдық қабылдау, барлығы 11 кездесу өткізді.

Бұл кездесулер барысында қала әкімімен қатар кент және ауылдық округ әкімдері де өз есептерін берді.

Ал 29 қаңтар күні қала әкімі Н.Нәлібаев осы игілікті дәстүрдің жалғасы ретінде түске дейін Титов тұрғын ауданындағы «М.Ералиева» атындағы Мәдениет Үйінде және түстен кейін №101 «Ә.Мүсілімов» атындағы мектеп-лицейінде қала тұрғындарының алдында есеп берді.

Биылғы жылғы есеп беру кездесулердің ерекшелігі барынша еркін форматта ұйымдастырылған. Яғни, қала әкімі 15 минуттық баяндамасында өткен жыл еншісінде атқарылған жұмыстар туралы қысқаша есеп берсе, қалған уақыттың барлығы тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сұрақтарына арналуда.

Кездесу барысында тұрғындар қала тұрмысын жақсартуға қажетті деген ең маңызды мәселелер, өздерін толғандырып жүрген сұрақтар мен сауалдарын ортаға салды.

Қала әкімі Н.Нәлібаев әр мәселе бойынша толық жауап беріп, бұл бағытта атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталып өтті.

Жыл сайын қаланың әлеуметтік әлеуеті мен сәулеттік келбеті артып, халық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған тың жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Халықтың саны артып, сәйкесінше қаланың көлемі де ұлғайды.

 «Мұның барлығы Елбасымыздың, Президентіміздің басшылығымен, өз туған жерінің шынайы жанашыры ретінде еңбек етіп жүрген барлық жерлестеріміздің қолдауының, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесі, халықтың артқан мол сенімінің жемісі», – деді қала әкімі Н.Нәлібаев.

Осы арқылы, бірлігі бекем қала халқының ауызбіршілігіне және әр істің әділ сыншысы болып, қолдау танытып жүрген қызылордалықтарға шынайы ризашылығы мен алғысын білдірді.

Тағы да оқыңыз: