Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы бойынша жыл басынан бері 51 өрт оқиғасы орын алған.
Өрттің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өрт салдарынан қаза болған және жарақат алған адамдар тіркелмеген. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов мәлімдеді.
«Көктемгі уақытта құрғақ шөптің, қоқыстың жануына байланысты өрт саны күрт өседі. Орын алған оқиғалардың басым көпшілігі азаматтардың немқұрайлы қарауынан (от жағу, темекі шегу және т.б.), далалық алқапта және жеке тұрғын үй аулаларында көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу және егін егу науқанына дайындау кезінде жиналған қоқысты немесе қураған шөпті өртеу, оны бақылаусыз қалдыру жағдайларынан туындап отыр. Осы орайда, табиғи өрттерді болдырмау үшін қала тұрғындарын сақтық шараларын күшейтуге шақырамыз»,- деді басқарма бастығы Жасұлан Түйменов.
