Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің «Қызылорда қаласында 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылғы міндеттер туралы» халыққа есеп беру кездесуі өтті. А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуге жиналғандардың қарасы қалың болып, тіпті жиын өтетін залға сыймай қалды. Шаһар басшысының халыққа есеп беру кездесуіне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.

Жасыратыны жоқ, қазақылықтың қайнары, Сыр елінің әкімшілік-рухани орталығы саналатын Қызылорда қаласы – түрлі тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен, талай игі бастамалар мен тың жаңалықтардың қаласы. Осындай ұлы бастамалардың жалғасындай, бүгінгі Қызылорда еліміздің жаңа дәуірін қалыптастыруға қарқынды атсалысып келеді.

«Шаһардың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылды», – деп бастады сөзін қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы есеп беру кездесуінде.

Елдің болашағы мен халықтың баянды, берекелі тіршілік кешуіне жағдай жасау үшін алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту шарт. Сонымен, Қызылорда қаласында тарих қойнауына енген 2019 жылы қандай жұмыстар атқарылды? Қандай мәселелер шешімін тапты?

Осыған рет-ретімен тоқталсақ.

Қала бюджеті 80%-ға ұлғайған

Қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының баяндауынша, Қызылорда қаласының бюджеті 2019 жылдың басында 42,9 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл қорытындысымен 77,3 млрд. теңгеге жеткен. Бұл дегеніміз бюджет көрсеткішінің жыл басынан бері 80 пайызға ұлғайғанын көрсетеді.

Шаһарда ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Былтыр өнім көлемі 8 млрд. теңгеден асқан. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып, қамбаға 20 мың 885 тонна күріш өнімі жиналды.

Мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн. теңге жеңілдетілген несие беріліп, қала бойынша мал басының саны – 58 мыңға жеткен.

Ауыз су, жылу, жарық, қоғамдық көлік – күн тәртібінен түспейтін мәселелер

Қызылорда қаласында жыл сайын көңіл бөлуді талап ететін мәселелердің бірі – коммуналдық мәселелер. Бұл аталған мәселелер шаһар басшысының үнемі қадағалауында болуы керектігі айтпаса да түсінікті.

«Жезқазған трассасының бойынан 150 гектар жер, Саяхат мөлтек ауданы, Сырдария өзенінің сол жағалауы, қаланың шет аймақтарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, жайластыру жұмыстарын кешенді түрде шешу мақсатында 2,5 млрд-қа жуық қаржы жұмсалды», – деді бұл тұрғыда қала әкімі Н. Нәлібаев.

Сондай-ақ, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18,3 млрд. теңгеге 1 мың 46 қызылордалық баспанамен қамтылып, қаланың Сол жағалауы, шет аймақтары, Бәйтерек, Қызылжарма, Әл-Фараби, Саяхат мөлтек аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы нығайтылған.

Қалада «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып, 6 млрд-қа жуық қаржыға қала көлеміндегі ауыз су желілері қайта жаңғыртылған көрінеді.

Қалаға қарасты Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Талсуат, Ақжарма, Қызылөзек ауылдық округтері мен Наурыз, Сабалақ елді мекендерінде 64,3 шақырым ауыз су құбырларына, 6 кешенді су жинау қоймасының құрылыстарына 2 жарым млрд. теңге жұмсалған.

2 млрд. 596 млн. теңгеге қаладағы 23 канализациялық сорғы станцияларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары 27 млрд. теңгеге 365 шақырым су, кәріз желілері жаңартылды.

«Қаламыздағы бу қазандықтары, 21,5 шақырым жылу жүйелері жаңартылды. Кейінгі жылдары 8 млрд теңгеге 65 шақырымнан астам жылу жүйелері қайта жаңғыртылды», – деді шаһар басшысы.

Халықтың сұранысына сәйкес, тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңарту мақсатында қаладағы Қызылжарма ауылдық округі, Шанхай, Коммунизм, Гагарин, Титов, КБИ тұрғын аудандарында 4,5 млрд. теңгеге 500 шақырымға жуық желілер қайта жаңғыртылып, 53 қосалқы станциялар орнатылған.

Сонымен қатар, кейінгі жылдары қалада 1,3 млрд. теңгеге 165,2 шақырымды құрайтын 132 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.

Қызылорда қаласы тұрғындарының пікірі қоғамдық көлік мәселесіне келгенде екіге бөлінетіні жасырын емес. Қоғамдық көлік қатынасын дамыту, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Қызылорда Автобус Паркі» серіктестігіне орта сыйымдылықтағы қосымша жаңа автобустар алуға облыстық бюджеттен 209 млн. теңге бөлініпті. Бірақ, бұл қаржының игерілуі – алдағы күннің еншісінде секілді.

Баспанамен қамту қарқыны жоғары

«Қызылорда қаласы» дегенде, ең алдымен жыл сайын мыңдаған пәтерлердің тұрғындар игілігіне пайдалануға беріліп келе жатқандығын мақтанышпен айтуға болады. Десе дегендей, Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші артып келеді.

Соңғы жылдары қалада жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық тұрғын жаңа пәтерге ие болыпты.

«Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 156 млрд. 441 млн.теңгені құрап, 110,7 пайызға артты. Былтырғы жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53 млрд. 330 млн. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 36,6 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 536 мың 26 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, 113,3 пайызды құрады. Қаламызда 150 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 151 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үйлер салынуда», – Н. Нәлібаев.

2019 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында мың пәтерлік 20 көпқабатты тұрғын үй, жеке инвесторлардың өз қаражаты есебінен 285 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.

Шаһар басшысының сөзінше, баспанамен қамту шаралары барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға негізгі басымдық беріледі екен. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорының демеушілігімен «Бәйтерек» тұрғын ауданынан 100 пәтерлік жаңа үйлердің құрылысы салынып, көпбалалы отбасыларға табысталыпты.

Былтыр 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 60 бала, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар санатындағы 256 отбасы, 140 көпбалалы отбасы, 105 мүгедек баласы бар отбасылар жаңа пәтерлерге қол жеткізгенін ерекше атап өткен Н. Нәлібаев:

«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында соңғы жылдары қала бойынша 3 млрд. 200 млн. теңгеге 133 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді», – деді.

Шаһар көгілдір отыннан таршылық көрмейді

Қызылордада көгілдір отынға келгенде тұрғындардың «басы ауырмайды». Себебі, қаланы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызға орындалған. Былтыр қала маңындағы Қарауылтөбе ауылының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізген.

Айта кету керек, бұған дейін қалаға қарасты Тасбөгет, Бөлкөл кенті, Қызылжарма, Талсуат ауылдық округтері көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Биылғы жылы Ақсуат ауылдық округін көгілдір отынға қосу жоспарда бар екен, сонда шаһар көгілдір отыннан еш таршылық көрмейді екен.

Жол жөндеудің жайы қалай?

Жасыратыны жоқ, Қызылорда қаласында жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналған. Яғни, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды жобалар тұрақты жүзеге асырылып келеді.

Бұл тұрғыда қала әкімі Н. Нәлібаевтың сөзімен айтсақ, 2019 жылы 1 млрд. 152 млн. теңгеге 75,6 шақырымды құрайтын 181 көшеге орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Сонымен бірге, 500 млн. теңгеге қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің 25 шақырымды құрайтын 28 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала халқының сұранысына сәйкес, 36 бағдаршам, 651 жол белгілері, 34 жасанды тегіс емес қондырғылар орнатылып, 317 шақырымға жол таңбалары сызылған көрінеді.

Шаһарда жаңадан светодиоттық бағдаршамдар, 21 ақылды жаяу жүргінші өткелдері орнатылып, қаланың ең керекті аудандарына жаяу жүргіншілер жолдары салынды.

Қала әкімі мәлімдегендей, соңғы жылдары Қызылорда қаласы мен елді-мекендердегі жол құрылысын дамытуға 33 млрд. теңге қаралып, 630 шақырым жол орташа, күрделі жөндеуден, қайта жаңғыртудан өткізілген.

Кәсіпкерлік: тұрмысы түзелгендер саны артты ма?

Қала әкімі халыққа есеп беру кездесуінде шаһардағы кәсіпкерлік мәселесіне де жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында қалада айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасқан.

Бүгінде облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 49 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде екен. Мұны нақты санға айналдырсақ, қала бойынша барлығы 25 903 кәсіпкерлік нысан жұмыс жасап тұр.

Қалада жыл басынан бері өз қаражаты есебінен 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру картасы аясында 69 млрд. 270 млн. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында 3,2 млрд теңгені құрайтын 255 жоба қаржыландырылыпты. Бұл жобалардың аясында мыңдаған қала тұрғындары жұмыспен қамтылып, тұрмысы түзелмек.

2019: 10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған

Қала әкімінің алдында тұрған мақсаттардың бірі – халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсарту мен жұмыссыздықтың алдын алу екендігі сөзсіз.

«Өткен жылы 9394 адам жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. 845 адам қайта даярлаудан өтіп, 131 адамға 612 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. 2 мың 263 адам қоғамдық жұмысқа, 406 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 мың 127 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тартылды», – деген әкім шаһарда жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тауып келе жатқандығына тоқталды.

2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 5 есеге өсіп, бұл мақсатқа 8,8 млрд теңге қаралып, 15 мың 495 отбасына берілген.

Биыл жаңа демалыс паркі пайдалануға беріледі

Қызылорда қаласын жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келе жатқандығын қала тұрғындары жақсы біледі.

Бүгінде қалада 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылады.

Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһардың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.

«Сыр-Ана» монументінің аумағы қайта абаттандырылып, «Рәміздер аллеясынан» бастап Тұңғыш Президент саябағы аралығында жаңа демалыс паркі салынуда.

Сондай-ақ, биыл Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойынан қала тұрғындарының жайлы демалысына қолайлы жаяу серуендеуге арналған аллея салынбақ.

Қала бюджетінің басым бөлігі – білім саласына бөлінген

«Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Бұл тұрғыда Қызылорда қаласында өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылған.

Мәселен, былтыр қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салынған. Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. «Ақсуат» ауылдық округінде бөбекжай ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сол жағалаудан «Болашақ» университетінің бас кампусы, 320 орындық балабақша, 700 орындық «Оrda school» жеке бастауыш мектебі ашылды. «Нұр-Ай» серіктестігі қала орталығынан 500 орындық мектептің құрылысын жүргізуде.

«Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, «Саяхат», «Бәйтерек», СПМК тұрғын аудандарында жаңа мектептердің құрылысы салынады. 320 орындық балабақша жақын күндері пайдалануға беріледі. Болашақтың тізгінін қолға алар жас ұрпақтың сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыру – бізге парыз. Жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталады. Қала мектептері жаңа оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 7 мыңға жуық оқушы қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алды. Қалаға жақын орналасқан елді мекендерден қала мектептерінде қатынап оқитын 630 баланы арнайы көліктердің тасымалдауына жағдай жасалды. Осы жұмыстар биыл да жалғасады», – деді қала әкімі.

Елбасы Жолдауында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жеткізуді тапсырды. Спорт саласына жасалған қолдаулардың арқасында Қызылорда қаласында бұл көрсеткіш бүгіннің өзінде 31 пайызға жеткен. Айта кетейік, кейінгі жылдары қаламызда 171 спорт ойын алаңдары салынды.

Қала тұрғындары көбейіп келеді, ал, емханалар ше?

Шаһар басшысы қаладағы мәдениет саласының өткен жылғы жай-күйі туралы сөз қозғағанда, былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақжарма ауылдық округінде 150 орынға арналған Мәдениет үйі пайдалануға берілгенін ерекше атап өтті.

Ал, денсаулық саласына байланысты атқарылған жұмыстарға келсек, 2019 жылы мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында Белкөл кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, жұмысын бастаған. Бүгінде Қызылөзек ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория құрылысы толық аяқталып, жақын күндері ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, биыл Ақжарма ауылдық округінен жеке инвестор есебінен мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында жалпы құны 196,8 млн. теңгеге дәрігерлік амбулатория салынбақ.

Жыл өткен сайын аймағымызда демографиялық өсім қалыптасып келеді, былтыр қаламызда 10 мыңнан аса сәби дүниеге келген.

2019 жыл баршамыз үшін Елбасымыздың Жарлығымен жарияланған «Жастар жылы» ретінде есте қалғаны белгілі. Осы тұрғыда мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында қаржыландыру екі есеге артып, қала бойынша республикалық, халықаралық деңгейлерде 12 жоба жүзеге асырылған. 2016 жылдан бері 1000-ға жуық жас отбасы, ал, былтыр бір жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы 130 жас отбасы баспаналы болды. Жыл басынан бері 3 мың 235 жас тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қызылорда «Ақылды қалаға» қашан айналады?

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін қалада соңғы 2 жыл көлемінде «Ақылды қала» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылған.

«Қаладағы 170 көпқабатты тұрғын үй «Смарт квартал» жобасына еніп, цифрлы есептеме қондырғыларымен жабдықталған. Биылдан бастап «Электронды билет жобасы» аясында көлік саласын цифрландыру, 26 аялдамаға «Электронды ақпараттық табло орнату» жұмыстары қолға алынуда. Өткен жылдың І жартыжылдығының ішінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арқылы барлық әлеуметтік нысандарда, мектептер мен музейлерде, темір жол, авто вокзалдар аумағында жоғары сапалы, көп функциялы цифрлық бейне бақылау камералары орнатылады», – деді бұл тұрғыда қала әкімі.

Демек, шаһар жақын күндері «Ақылды қалаға» айналады.

Сол жағалау – қаланың көркі болуы керек

Нұрлыбек Мәшбекұлының сөзінше, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру – Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асуда.

Биыл сол жағалауда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 8 млрд. теңгеге 700 пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үй салынып, 13 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысын аяқталмақ. Бұл тұрғын үйлер кезекте тұрған көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға беріледі.

Осы тұрғыда жаңа мөлтек аудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 1,9 млрд. теңге қаралған көрінеді.

Сондай-ақ, қаланы, қалаға қарасты елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау, кәріз насостық станцияларын қайта жаңғыртуға, су бұру жүйесін дамытуға 1 млрд. 509 млн. теңге бөлінген.

2020: Нәлібаевтың «әлеуметтік бюджеті» қалай жүзеге асады?

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2019 жылы жасаған жұмыстарын баяндап болған, биылғы жылғы шешімін табатын мәселелерге тоқталды.

Оның айтуынша, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылы 2 млрд. 35 млн. теңгеге 32 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтеді. Бұл жұмыстар жақын күндері басталады.

Сондай-ақ, жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1 млрд. 900 млн. теңге қаралып, Қызылжарма ауылында ауыз су құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен – 720,4 млн. теңге бөлінген.

Мұратбаев көшесі бойындағы жаңа көпірден бастап «Батыс ЕуропаБатыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистралдық көше құрылысына 2019 жылы облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылы осы жұмысты жалғастыруға 250 млн. теңге бөлініпті.

Қызылорда қаласындағы С.Бейбарыс көшесінен Н.Назарбаев даңғылындағы «Қызылжарма» арнасына дейін магистралды көше салуға республикалық бюджеттен 723,4 млн. теңге бөлініп, жұмыс басталып та кеткен.

Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, жол құрылысын жүргізу барысында шет аймақтардағы жолдардың сапасын жақсартуға негізгі басымдық беріледі.

«Биылғы жылы осы мақсатта қаладағы 32 көше мен кент, ауылдық округтердің көшелеріне орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 892 млн. 157 мың теңге қаралды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақсуат ауылдық округінде №143 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, 16 көшені орташа жөндеуге 463 млн. теңге бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған жол картасы аясында, қажетті мамандармен қамтамасыз етуге 117 млн. теңге қаржы қаралды. Орта білім беру ұйымдарында физика, биология, химия бағытында жаңа пәндік 50 кабинет жабдықталады. Бұл жобаларға 385 млн. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 4 ақпан күні өткен қалалық мәслихат сессиясында, кездесулер барысында қала тұрғындары көтерген ұсыныстарды толық қанағаттандыру үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Қаржының басым бөлігі қаланың шет аймақтарындағы жол мәселесін шешуге бағытталады. Сондықтан бұл нағыз «Әлеуметтік бюджет» деуге негіз бар!» – деді Н. Мәшбекұлы.

P.S: Шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің «Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы», – деген даналық сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

әл-Фарабидің осы сөзін негізге алған Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа сұрақ қойып, сауал жолдаған тұрғындардың саны көп болған жоқ. Бір-екі тұрғын зираттардың қоршауының ұрланып жатқаны мен қаланың шеткі көшелеріндегі жол мәселесін қозғағанымен, сөз алған халықтың дені шаһар басшысының жұмысына көңілін толатынын айтып, алғыстарын жеткізді.

Ал, қала әкімінен соң сөз алған аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов шаһар басшысына тұрғындардың ұсыныстарын назарға алып, оларды тез арада шешу мүмкіндігін қарастыруды тапсырып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: