Қызылорда қаласы әкімінің есебі басталды – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылорда қаласы әкімінің есебі басталды

16.01.2020, 10:20

601 0

Kyzylorda-news.kz. Түрлі деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебі басталды. Елбасы бастамашы болған есеп беру кездесулерінде тұрғындар әкімдердің есебін тыңдап қана қоймай, ұсыныс-пікірлерін айтады. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың биылғы есеп беру кездесуі Белкөл кентінен бастау алды. Кент тұрғындары алдында қала басшысы былтыр атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Кенттегі әлеуметтік салада жүзеге асырылған жұмыстар нәтижесінде 2019 жылы 225 отбасыға (1026 тұрғынға) 121 млн. 316 мың теңге жаңа форматтағы АӘК төленді.

Кент бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 2019 жылы жаңадан 21 азамат кәсіп ашып, 45 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазірде кәсіпкерлер саны 162-ге өсті.

Өткен жылы кенттегі тұрғындар арасынан «2018-2020 жылдары жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымынан несие алып, жылқы, ірі қара мен ешкі шаруашылығын қолға алды.

Былтыр Белкөлде болған тағы бір жаңалық – «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» қолдауымен нарықтық бағадан 20-30 пайыз төмен бағамен сатылатын әлеуметтік дүкен ашылды.

Қала әкімі Н. Нәлібаев жыл көлемінде атқарылған ауқымды жобалар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.

Халық сұранысын қанағаттандырып, әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында жасалған жұмыстарға халық лайықты бағасын берді.

Себебі, бір ғана Белкөл кентінде бұған дейін есепте көтерілген газ, су, жол мәселесі тиісті шешімін тапса, былтырғы жылы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Кенттегілер көп жылдардан бері көтеріп келе жатқан мәселенің бірі – теміржол өткелінен жаяу жүргіншілер үшін көпір салу болатын. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге бюджеттен 5,8 млн теңге бөлініп, жалпы құны 285 млн. теңге болатын ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге облыстық бюджетке ұсыным берілді.

Қала әкімінің есеп беру кездесуінде соңғы жылдары қалыптасқан игі дәстүрге сәйкес, бірқатар қаржы институттары мен несиелік ұйымдар, мемлекеттік мекемелер ауыл тұрғындарына арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат ұсынды.

Кездесу еркін форматта өтті. Тұрғындар көше жарығына көңіл бөлуді сұрады. Қала әкімі әрбір сұрақты мұқият тыңдап, тиісті сала мамандарына тапсырма берді.

0

Пікір қалдыру