Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарық бағасынан төмен бағада ұсынып отырған сауда орындарын қала тұрғындарының назарына жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз-тур ұйымдастырылды.
Баспасөз-туры барысында «Алтын қамба» АӨК» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасына, әлеуметтік дүкендерге шолу жасалды. Бүгінгі күні өңірдің тұрақтандыру қорында 800 тоннаға жуық өнім қоры бар.
Барлық әлеуметтік дүкендерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда. Атап айтқанда, нан – 55 теңгеден, қант – 444 теңгеден, өсімдік майы 630 – теңгеден, картоп – 130 теңгеден, сәбіз 130 – теңгеден, басты пияз – 100 теңгеден, қырыққабат – 95 теңгеден, 1 сортты ұн – 135 теңгеден, қарақұмық жармасы – 514 теңгеден, күріш – 175 теңгеден, макарон – 200 теңгеден, сиыр еті – 1700 теңгеден, тауық еті (окорочка) – 785 теңгеден, жұмыртқа – 29 теңгеден, сүт – 280 теңгеден, айран – 225 теңгеден, сүзбе – 1283 теңгеден, сары май – 2504 теңгеден және тұз – 40 теңгеден сатылуда.
Сондай-ақ, облысқа ұн өндіруші кәсіпорнымен 4 699,4 тонна ұн босатылып, оның ішінде 4383,7 тоннасы облыстағы 51 ірі наубайханаларға бөлке нанды төмендетілген бағада сату үшін мақсатты түрде берілген.


