Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова сырбойылықтарға үндеу жариялады.

“Құрметті облыс тұрғындары! Соңғы апталардағы көрсеткіштер бойынша аймағымызда коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы күрт күрделеніп отыр. 2022 жылдың 13 қаңтарынан бастап облыс «қызыл» аймақта. Ағымдағы жылдың небары 14 күнінде 1 231 дерек анықталды. Бұл өткен айдағы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары. Соңғы тәулікте 320 адам коронавирус індетіне шалдықты. Бұл пандемия басталған кезден бері тіркелген ең жоғары деңгей – антирекорд. Эпидахуалдың күрт нашарлауының негізгі себептері – мерекелік демалыстар кезеңіндегі халықтың қозғалыс белсенділігінің артуы, қонаққа бару, қонақ шақырудың жиілеуі, ұжымдық іс-шараларда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалмауы, сонымен қатар «омикрон» штамының болу ықтималдығымен байланысты деген болжам да бар. Бүгінгі күні «омикрон» штамы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында зертханалық жолмен расталды. Бұл үлкен алаңдаушылық туғызады. Себебі облысаралық, қалааралық миграция вирустың таралуына үлкен қауіп төндіреді. «Омикрон» штамының «дельтаға» қарағанда жұғу жылдамдығы 5 есеге жоғары. Адам ағзасында 70 есе тез көбейеді. Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмағанымен, көпшілік жағдайда вирус тудыратын ауыр зардаптарымен қауіпті. Яғни «омикронмен» ауырған адамда тромбоз, инфаркт, инсультке шалдығу, мүгедектік халге түсу тәуекелі өте жоғары болады. Бүгінгі күні әлемнің 100-ден аса елінде «омикрон» анықталып, жағдай ушыға түсуде. Біздің елде де «қызыл» аймаққа енген өңірлер қатары күн сайын артып келеді. Осыған байланысты «омикрон» штамының таралуына қарсы карантиндік шаралар қайта күшейтілді. Карантиндік талаптар әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартуға бағытталған. Құрметті облыс тұрғындар! Барлық болжам біздің өзімізге, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деңгейіне, әрқайсымыздың әрекетімізге тікелей байланысты. Вакцинация талай эпидемияларды жеңудегі бірден-бір құрал болып табылады. Сондықтан азаматтық жауапкершілік танытып, ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің қамын жасауымыз керек. КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуіне қарсы іс-қимылдың бірден-бір пәрменді шарасы – вакцинациялау мен ревакцинациялау. Сонымен қатар әлеуметтік байланыстарды шектеу.Үй-жайлардағы халық тығыздығын азайту вирустың таралу қаупін азайтады, себебі ауру жұқтыру көбіне тығыз байланыста болатын жерлерде, желдетуі нашар бөлмелерде арта түседі. Жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, шетелдік сапарларды кейінге қалдырған дұрыс. Сақтық шаралары ғана індетті тоқтата алатындығын естен шығармаңыз. Барлығыңызға амандық тілеймін”, – дейді Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Тағы да оқыңыз: