Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы жылу беру нысандарына барып, дайындық барасын тексерді.

Алдымен аймақ басшысы сол жағалауда орналасқан №17 автономды блокты-модульді қазандықтың жұмысымен танысты. 2020 жылдың қазан айынан бастап кәсіпорын «Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауына жылу беру» жобасы бойынша қазандықты және сыртқы жылумен жабдықтау жүйесін іске қосып, қызмет көрсетуде. Жылу магистралінің ұзындығы – 4,3 км. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы сол жақ жағалауда орталықтандырылған жылу желілеріне 31 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан қосылған. Ағымдағы жылы қосымша 16 тұрғын үй жылу жүйесіне қосылады деп күтілуде.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Қызылорда Оңтүстік жылу орталығы» және Белкөл кентінің жылу қазандығы жұмысын саралады.

Оңтүстік қазандықтың жалпы жылу қуаты 97 Гкал құрайды. Негізгі отын – газ, резервтік отын-мазут. Қызылорда ЖЭО-ның 2021-2022 жылдары жылыту маусымына негізгі жабдықтарын дайындау мақсатында өз қаражаты есебінен Оңтүстік қазандықтың КЕ-25-14С типті 1,2,3,4 және БОНО типті №5,6 қазандықтарына ағымдағы жөндеуге 46,6 млн. тенге бөлінді. Бүгінгі таңда жылыту маусымына дайындық аяқталып, күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорты алынған. Оңтүстік бу қазандығында жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны – 763 нысан. Оның ішінде 197 көп қабатты тұрғын үй, 118 жеке сектор объектілері, 14 мектеп, 5 балабақша, 10 медициналық мекеме, 4 мәдени-спорттық, 24 бюджеттік, 391 бизнес нысан бар.

Ал, Белкөл кентіндегі жылу қазандықтың энергиясы – 4,1 Гкал. 2019-2020 жылы «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның «Белкөл» қазандығын реконструкциялау жұмысына облыстық бюджеттен 183,9 млн. теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

«Белкөл» бу қазандығында жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны – 763 нысан. Жылыту жүйесіне 4 көп қабатты тұрғын үй, 1 жеке сектор объектісі, 1 мектеп, 1 балабақша, 1 мәдени, 1 әкімшілік нысан қосылған.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жылу беру маусымына дайындық барысы жеке бақылауында болатынын айтып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керек екенін назарға салды. Жылу беру жұмыстарының уақытылы басталуын тапсырды.

Нысандарды аралау барысында аймақ басшысы «KHAS.COM» ЖК-нің көмір қоймасына да барды. Бұл жерде көмірдің бағасы 1 тоннаға 14 400 теңге. Бүгінгі күні 411 вагон (28 770 тонна) жеткізілген. Алдағы уақытта 19 вагон (1 330 тонна) жеткізіледі деп күтілуде.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаевқа қажетті қатты және сұйық отын жеткізу жұмыстарын бақылауда ұстап, жылу беру маусымын сапалы ұйымдастыруды жүктеді.

Тағы да оқыңыз: