Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатовты қабылдады.
Кездесу барысында Сәпен Аңсатов жастарға отбасы құндылығын насихаттайтын кешенді жоспар дайындауды және алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновке арналған көркем фильм түсіру мәселесін көтерді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ішкі саясат басқармасы басшысына жастарға отбасы құндылығы, бала мен ата анаға деген құрметті дәріптейтін кешенді бағдарлама әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар, Темірбек Жүргеновке арналған көркем фильм мәселесін сала мамандарымен ақылдасатынын айтты.
Сәпен Аңсатов 1974 жылы Қызылорда қаласындағы «Комсомол» совхоз техникумын техник-механик, 1984 жылы Жамбыл су шаруашылығы құрылысы институтын инженер-механик мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1958-1976 жылдары Жосалы механикалық зауытында токарь, слесарь, мастер, механикалық цех бастығы, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі, 1977-2000 жылдары Қызылорда ағаш өңдеу, силикат қабырғалық материалдар зауыттарында, мұнай базасында директор, «Қызылордамұнайөнімдері» акционерлік қоғамының вице-президенті, «Сырдариямұнайөнімдері» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бастап «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» директоры қызметінде.

Тағы да оқыңыз: