Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Каникулярлық  мектеп өз жұмысын бастады.  Қаңтардың төртінен бастап жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары Зияткерлік мектептің тілдік және математикалық пәндері бойыша қосымша сабақтарында білімдерін толықтыруда. 

Қысқы демалыс уақытында ұйымдастырылатын дәстүрлі Каникулярлық мектепке бұл жолы  80-ге жуық  бала шақырту алды. Олар –  арнайы «Виртуалды мектеп» веб-сайтына тіркеліп, тиісті тапсырмаларды орындап, онлайн оқудың қорытынды тестілеуінен сәтті өткен дарындылар.

Каникулярлық мектеп қатысушылары бір апталық курс барысында «тыңдалым», «айтылым», «оқылым» және «жазылым» дағдыларын дамытуға арналған арнайы жаттығулар орындау арқылы коммуникативті дағдыларын қалыптастыратын болады. Сондай-ақ, тілдік пәндер сабақтарында сөздік қорларын байытып, тест тапсырмаларын орындау арқылы мектепке түсу емтиханына дайындық жүргізуге мүмкіндік алды.

Ал  математика сабағында оқушылар командалық логикалық есептерді шығарып, пәнге деген қызығушылықтарын оятады.

Жалпы Каникулярлық мектеп – оқушылардың жаратылыстану-математика ғылымдарын оқуға қызығушылығын арттыру және Зияткерлік мектептерге Тұңғыш Президенттің «Өркен» грантына түсуге дайындау үшін жағдайлар жасауға бағытталған үлкен жоба.

Айта кету керек, бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сыныптарында 2020-2021 оқу жылында білім алу үшін іріктеу конкурсына құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Үміткерлер тиісті құжаттарды 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін қабылдау комиссиясына тапсырулары қажет.

Тағы да оқыңыз: