Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ақпан айы құбылмалы ауа райымен ерекшеленіп тұр. Күн күрт жылынып, ізін ала қайта суытып, жаңбыр да, қар да жауды. Құбылмалы күн қабағы автожолшыларды да қарбаластырып қойды. Жауапты қызметтер күре жолдарды ақ ұлпадан аршып үлгірмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл деректерді мамандар арнайы рейд барысында анықтады.  Бұл Қызылорда қаласынан батыс бағытқа шығатын «Самара-Шымкент» тасжолы. Қалың қардан көліктердің қозғалысы қиындағанын байқауға болады. Мамандардың айтуынша ақ ұлпа көлемінің максималды межесі жол жиегінің 30 процентінен аспауы керек екен. Мұны қысқы жол күтіміне жауапты мердігер мекемелер жақсы біледі. Бірақ із жүзінде бәрі басқаша.

«Яғни қар тоқтаған мерзімнен бастап 4 сағаттың ішінде осы жолдар қысқы мерзімде күтіп ұстауды өзіне алған мердігер компания «Қазақавтожол» ЖШС осы жолдың бәрін түгел тазалап тастауы керек еді. Қазір енді өздеріңіз көріп отсыздар сағат кешкі 4 болды, бір сағаттан кейін күн суытады. Күн суытқаннан кейін түнде бұл жерде тайғақ болады», – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов.

«Жол көлік оқиғасы болатын болса, адам шығыны да болуы мүмкін. Қазір күн шығып тұр, жылы, соның өзінде жол тайғақ. Кешке ар жағында көріп тұрсыздар қарсы бет суланып тұр, сол көктайғақ болып, мүлдем автокөлікке жүру мүмкін болмай қалуы мүмкін», – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Нұғман Жақұдаев. 

Рейд барысында жолды қардан тазалау жұмыстары уақытылы басталғаны анықталды. Дегенмен қардың мөлшерден тым көп түсуі жұмыстың өнімділігін тежеген. Соның салдарынан көлік дәлізінің кейбір тұстары тиісті талапқа сай болмапты. «Қазавтожол» өкілдері осылай деп түсіндірді.

«Қардың көп жауғанына байланысты кешеден бері жұмыс істеп жатырмыз. Республикалық маңызы бар жолдың М32 «Самара-Шымкент» бағытының 1702-1806 шақырымы аралығын тайғаққа қарсы материалдардың бәрі себіліп, жол еріп, тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтиже бар, жол ашылып жатыр», – дейді № 51 жол пайдалану учаскесінің жол шебері Алмат Әбдіханов.

Рейд барысында анықталған барлық кемшіліктер мониторингтік топтың кезекті отырысында талқыланады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің мәліметі бойынша өткен жылы осындай 12 бақылау шарасының қорытындысы негізінде мердігер мекемелер бірқатар жол учаскесін жөндеуден өткізген.

Тағы да оқыңыз: