Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді.

Есептік кездесу Полиция департаментінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті.

Есептік кездесудің өтуі жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды. Онлайн конференцияға барлық басқарма, бөлім басшылары қатысып, салаларына тиісті сұрақтарға жауап берді. Одан бөлек барлық аудандық полиция бөлімдері бейнеконференц арқылы байланыста болды.

Бектөре Сұлтан халық алдындағы есеп беру кездесуінде қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып, өткен жылды қорытындылады.

«Полиция департаментінің қызметкерлерімен жыл бойы атқарылған шаралардың нәтижесінде өңірімізде қылмыстық ахуал тұрақты, қылмыс саны төмендеді. 10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 89 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 41-ді құрап, ахуалы тұрақты аймақтың біріміз», – деді Бектөре Сұлтан.

Есеп беру барысында департамент бастығы соңғы уақытта алаяқтық фактілерінің көбейгендігін айтты. Есепті мерзімде 676 қылмыс тіркелді. Олардың басым бөлігі пәтер, жер учаскесін алу, жұмысқа орналастырумен байланысты. Интернет-алаяқтық жағдайлары да көбейді. Осы санаттағы қылмыстардың көбейгендігін айта отырып, облыс тұрғындарын сақтық шараларға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ , полиция жұмысын жақсарту үшін Жол картасы шеңберінде жүргізіліп жатқан ауқымды іс-шаралар туралы айтылды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері бойынша өткен жылы 300-ге жуық азамат қабылдауда болды.

Онлайн режимде өткен есепті кездесуде облыс тұрғындары тарапынан сауалдар қойылды.

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт екендігі белгілі. Тікелей эфирге мыңға жуық желі қолданушылары қатысып, департаментке жалпы 80-ге жуық пікір мен ұсыныс келіп түсті. Тұрғындардың бірі белгілі бір аймақтарда жылдамдық өлшеуіш құрылғыларын орнату, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, зейнеткерлікке шығу тәртібі және жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Департамент бастығы тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдап, зерделеп, арнайы құрылған топқа тапсырма берді. Барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.

Тағы да оқыңыз: