Kyzylorda-news.kz. Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңынды Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан мамандарға құрмет көрсетіліп, марапатталды.
Мерекелік шараны орталық директоры Әділбай Медетбаев ашып, ұжымды төл мейрамдарымен құттықтады. Емдеу мекемесінің басшысы жиналғандарға ізгі тілегін жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Құрметті әріптестер, сіздерді атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Денсаулық сақтау саласында жасап жүрген жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің мекемеге жүктеліп отырған жауапкершілік зор. Наркологиялық тәуелділігі мен психикалық ауытқуы бар азаматтарды емдеу, олардың қалыпты өмірге оралуына атсалысу оңай міндет емес. Дегенмен, біз сол талаптың үдесінен шығып келеміз. Халықтың алғаусыз алғысына бөленіп жүре берейік», – деді Әділбай Қаниұлы.
Мұнан соң орталық басшысы өз саласында ерекше көзге түсіп жүрген бірқатар мамандарға марапат ұсынды. Олардың ішінде ҚРДенсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және «SENIM» кәсіподақ ұйымының «Алғыс» хаттары мен «Құрмет» грамоталарын иеленгендер болды. Айта кету керек, орталыққа қарасты диспансер меңгерушісі Нүрлан Нұрпейісов «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен наградталса, бөлім меңгерушісі Маржан Естаева «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін иеленген болатын.
Шара соңында дәстүрлі спартакиада жеңімпаздарына да сертификаттар табысталды.






