Kyzylorda-news.kz. NIS оқушылары, ұстаздары мен ата-аналары кезекті «Даналық бейсенбіні» әйгілі «National Geographic» журналының еліміздегі өкілдерімен жүздесуге арнады.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Даналық бейсенбі» жобасы аясында мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым – «National Geographic Қазақстан» журналының жауапты редакторы Арай Ізбаймен онлайн кездесу ұйымдастырды.

Тікелей эфирге NIS желісіндегі барлық Зияткерлік мектептерінің оқушылары, педагогтары мен ата-аналары қосылды. Кездесуде Арай Дәулетұлы журналдың оқырмандарға жол тартқан айшықты кезеңдеріне тоқталып, «Пандемия тарихы» туралы ауқымды зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

«Біздің журнал – ғылыми әдебиет. Контенттің 70 пайызы халықаралық зерттеулерге негізделген. Бұл дегеніміз әлемдік соңғы жаңалықтары жайында ауыл балалары шетелдің белді университет студенттерімен бір уақытта біліп отырады. Біздің мақсатымыз – қазақ жастары өз теңінен қалмай, алған ақпараттан ой түйіп, оны бір салаға бағыттай алу», – деп санайды Арай Ізбай.

Әлем үшін өзекті тақырып туралы талдау жасаған отандық журналист адамзатты әбігерге салған қауіпті індеттердің себеп-салдары жайында тарихи ақпарат берді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жобаларына ақпараттық қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

«Бұл журнал ағылшын, орыс, қазақ тілінде де барлық НЗМ кітапханаларында қолданыста бар. Мазмұны терең, аудармасы сапалы ресурсқа кез-келген оқырман қол жеткізе алады. Бүгінгі кездесу игі бастамалардың бастауы болатынына сенімдімін. Алдағы уақытта «Туған елге тағзым» өлкетану – зерттеу экспедициясын іске асыруда журнал ұжымымен бірлескен жобаларды жүргізу жоспарда бар», – деп бөлісті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Әлемнің 80-нен астам елінде 40-қа жуық тілде таралатын «National Geographic» журналы бүгінде 700 миллион аудиторияны қамтиды.

Тағы да оқыңыз: