Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның 2021 жылғы қорытынды отырысы өткізілді.
Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық басқармалар мен департамент басшылары және онлайн-режимде аудан әкімдері қатысты.Аймақ басшысы мемлекеттік рәміздердің ел абыройын қалыптастыру бағытында маңызы зор екенін атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет ерекше болуы керек екенін ескертті.
«Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауды қалыптастыруда ең алдымен Өздеріңіз үлгі болыңыздар. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз бүгінгі күннің баға жетпес байлығы» – деген болатын. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Сондықтан, бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарға аса мән беріңіздер», – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова өңірдегі мемлекеттік мекемелердегі тәуелсіздік нышандары – Елтаңба мен Тудың жай-күйін саралап, атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Ведомствоаралық инспекциялық топ 23 тамыз – 17 қыркүйек аралығында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде Қызылорда қаласы мен аудандардағы 263 мемлекеттік мекемелердің бәрінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуымен толық ауыстырылғанын анықтады. Сондай-ақ, 12 мекемеде кемшілік анықталып, 9-ы дер кезінде қалпына келтірілсе, 3 мекемеге әкімшілік хаттама толтырылды, мекеме басшыларына қатысты тәртіптік шара қолданылған.
Сондай-ақ, комиссия отырысында облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары мен Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімдері мемлекеттік рәміздердің жай-күйін бақылау және маңыздылығын насихаттау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі облыстық басқарма басшылары, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аумақтық департаменттер мен инспекциялар, барлық мемлекеттік мекеме басшыларына өздеріне қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің талапқа сай орналасуын тұрақты бақылауға алды тапсырды. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысымен аудандық әкімдіктердің, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің атқарған жұмыстарын 1 ай мерзімде баяндауды тапсырды. Сонымен қатар, барлық мекеме басшыларына арнайы инспекциялық топ құрып, қарасты мекемелерде 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік рәміздердің қолданылуына рейд жүргізугі міндеттеді.