Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 2913 адам тіркелсе, 1994-і емделді. Көрсеткіш 68,5 пайызды құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов баяндады.

«Облыста 2 405 төсек-орын бар. Оның 645-і инфекциялық төсек орын болса, 1 760-ы провизорлық. Бүгінгі күні инфекциялық стационарда 263 науқас, провизорлық стационарда 573 азамат ем алуда. Жүктеме инфекциялық стационарда 41 пайызды құраса, провизорлық стационарда 33 пайыз. Сондай-ақ, провизорлық төсектерге сұраныстың азаюына байланысты Теміржол ауруханасындағы 40 төсек пен тері-венерологиялық диспансеріндегі 60 төсек орын өзінің жұмысын тоқтатты. Тамыз айының басынан бастап жоспарлы түрде ауруханаларға жату жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылатын болады»-, деді облыстық бас дәрігер

Эпидемиологиялық ахуал күрделенген кезде кислородты баллондарды, жасанды өкпе желдеткіш аппараты, оттегі концентраторын пайдалану саны күрт артқан болатын, ал бүгінгі таңда бұл аппараттарға қажеттілік азайып отыр. Күні кеше «Шұғыла» қайырымдылық қоры есебінен 200 кислород концентраторы аймағымызға жеткізіліп, медициналық мекемелерге таратылды. Аталған құрылғының саны 353-ге жеткізілді.

Тағы да оқыңыз: