Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері, «Шымкент-Самара» тасжолының 1323-шақырымында жеңіл автокөлікті жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында салонында заңға қайшы келетін заттардың болуы мүмкін екеніне күмән келтіріп, жедел тергеу тобын шақырған.
Жедел-тергеу тобымен тексеру жүргізіліп, аталған автокөліктің салонында аса ірі мөлшердегі есірткі заттары заңсыз сақталғаны анықталып, тәркіленген және бұл қылмысқа қатысы бар үш күдікті құрықталған.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер қамаққа алынды», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.