Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының бюджет қазынасы 2021 жылдың қорытындысымен 100,7 пайызға орындалып, 2,6 млрд. теңге қаржы артық түсті. Кірістер көлемі – 102,7 пайызды құраса, шығыс жоспары 98,1 пайызға орындалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мәлімдеді.
«Аймақ бюджетінің шығыс жоспары 98 пайызға игерілді. Ал игерілмеген қаржы көлемі – 7,5 млрд.теңгені құрады. Оның 3,6 млрд.теңгесі бюджет қаржысының үнемделуінен болса, 3,9 млрд.теңге басқа да субьективті салдардан орындалмады. Жалпы бөлінген қаржылардың уақытылы игерілмеуінің негізгі себебі – мердігерлер мен тауар жеткізушілердің өз міндетін толық орындамауынан болды. Жалпы жыл басынан бері коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіру арқылы бюджетке 294,5 млн. теңге түсті. Бұл соңғы 5 жыл ішінде болған ең жоғарғы көрсеткіш. Сондай-ақ, жекешелендірудің кешенді жоспарына 13 нысан енгізілген. Оның 9-ы коммуналдық меншіктегі нысан. Ашық электронды сауда-саттыққа тозығы жетіп ұсынылған 100 автокөлік пен бір ескі ғимарат аукцион арқылы сатылып, бюджетке 60,0 млн теңге қаржы түсті», – деді басқарма басшысы Елена Шаврова.