Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов халық алдында есепті кездесу өткізді. Аймақ басшысы жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың сауалына жауап берді.

Есепті кездесуде арал ауданы Сексеуіл кенті тұрғындарының аманатын арқалап келген ақсақал пойыз жолды жағалай тұрақтанған халыққа жаңа мектеп қажет екенін айтты.

«Сексеуіл – 3 бағытқа жүретін, тоғыз жылдың торабына айналған кент. Сол кентті пойыз жол екіге бөліп тұр. Соны жағалай қоныстанған ауылдың солтүстік шығыс беткейінде 410 үй бар. Сол отбасылардан 470 бала мектепке барады. Сол оқушылар мектепке 15 жолдан өтіп барады. Бұл мәселе көптен бері айтылып жүр. Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Сол мәселенің қай уақытта шешілетіндігін, оның анық-қанығын біліп келу маған тапсырылған болатын», – деді сауал қоюшы ардагер.

Осыған дейін бұл мәселе туралы «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген Мұрат Жетпісбаевтың мақаласына Мемлекет басшысы да дер кезінде пікір білдіріп, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеген болатын. Кент тұрғындарын бір қуантып тастаған мәселенің жайы туралы облыс әкімі қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттар дайындалғанын айтты.

«Биылғы жылдың 24 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ҚР Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Бердібек Машбекұлына осы мәселеге байланысты кірген болатынмын. Бұл мәселе бойынша жұмыстар пысықталды. Қазір жоба-сметалық құжат бойынша мектептің құны 800 млн теңгені құрап отыр. Мектеп 300 орынға арналған, онда түске дейін 300, түстен кейін де сол шамада оқушылар оқитын болады. Біз жақын арада республикалық бюджеттен қаржы алатын боламыз. Содан соң мектеп құрылысы басталатын болады», – деді аймақ басшысы.

Тағы да оқыңыз: