Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев Шиелі ауданындағы ауылшаруашылығы саласының жайын бақылап, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар депутат ауданға сапары барысында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.
Ауданда ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамуда
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Әміреев Ғалым Махмұтбайұлы ең алдымен Шиелі ауданындағы ауылшаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сыздық Болат Мүбаракұлы, аудан әкімінің орынбасары Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы қатысты.
Кездесу барысында Ақмая шаруақожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттаға фракция мүшесі Дәулет Жұмбеков ауылшаруашылық саласындағы бірқатар мәселелерді көтеріп, жасап жатқан жұмысымен таныстырды.
Сонымен қатар Ақмаядағы ең өзекті мәселе «Батыс – Еуропа Батыс Қытай» жолының үстінен айналмалы өткел ашу мәселесі де айтылды.
Халық қалаулысы бұл өзекті мәселені назарға алып, шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Мұнан соң Мәжіліс депутаты аудандағы білім саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында білім саласының қызметкерлері мәжіліс депутатын жылы шыраймен қарсы алды. Мұғалімдер тарапынан орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мәселесі, дене шынықтыру пәнінің мәселесі, ұлдар мен қыздарға 20-30 балаға бір мұғалім сабақ беру, Көркем еңбек пәнінің мәселесі тағы да басқа мәселелерді ашық айтылды.
Халық қалаулысы өзекті мәселелерді назарға алып, Шешілу жолдарын қарастыратындарын жеткізді.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болат Сыздық, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановпен бірге №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің оқу жылына дайындығын бақылады.
Денсаулық сақтау саласының мамандары күрделі мәселені көтерді
«AMANAT» партиясының фракция мүшесі Ғалым Әміреев келесі кезекте Шиелі аудандық емханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен жүздесті.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сыздық Болат Мүбаракұлы, аудан әкімінің орынбасары Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары ұсыныс-пікірлерін айтып, күрделі бір мәселені көтерді. Ол Шиелі ауданаралық ауруханасын және емхана ғимаратындағы кәріз жүйесін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мәселесі.
Мәжіліс депутаты айтылған мәселе бойынша жергілікті жауапты мамандарға тапсырма беріп, өзінің қатаң бақылауына алатынын жеткізді.





