Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Министр Н.Ноғаев пен аймақ басшысы Г.Әбдіқалықова алдымен «Қызылорда электр тарату тораптары» акционерлік қоғамына барып, компания жұмысымен танысты.
Аталған нысан 1964 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде онда 1016 адам қызмет атқарады. Компания аймаққа электр энергиясын беру және таратумен айналысады. Қазіргі таңда облыс бойынша электр желілері желілерінің ұзындығы 10 046,3 км құрайды, оның ішінде әуе желілері 9924,4 км, кабельдік желілері – 121,9 км құрайды.
Қазіргі таңда “Қызылорда электр тарату тораптары” АҚ-ның электр желілері мен жабдықтарының 72%-ның тозығы жеткен. Аймақтағы 1837 трансформаторлық қосалқы станциялардың 1239 бірлігі 25 жыл бұрын салынған. Аталған станциялардың тозуы 69%-ы тозған.
Делегация “Қызылорда электр тарату тораптары” АҚ-ның музейін аралап, кәсіпорынның өткен тарихын шолды.
Мұнан соң министр мен облыс әкімі «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысымен көрді. Аталған орталық 1964 жылы іске қосылған және облыс орталығын орталықтандырылған жылумен қамтитын бірегей нысан. Орталыққа қарасты қала бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 186,8 км құрайды.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қос нысанды жаңғырту бойынша Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа ұсыныстарын жеткізді.