Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында, 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні және 1 қыркүйек – Білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада Басқарма Төрағасы-Ректор еліміздің басты құжаты саналатын Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін және әр адам үшін маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар, оқытушы-профессорлар мен білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Жоғары білім жүйесінің дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Ғылым және жоғары білім саласында жаңа реформалар, тың идеялар, қарышты қадамдар мен креативті көзқарас – біздің дамуымызға тың серпіліс әкелері сөзсіз. Еліміздің білім-ғылым тарихында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің есімі алтын әріптермен жазылуы үшін барлығымыз бір кісідей атсалысайық»,-деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жаңа оқу жылында өз саласының кәсіби шебері саналатын университеттің бірқатар қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Жоғары білікті мамандар даярлауда еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорлар Қызылорда облысы әкімінің, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталса, оқу орнының стратегиялық дамуына үлес қосқан қызметкерлерге Басқарма Төрағасы-ректордың арнайы марапаттары табысталды.
Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, зиялы қауым өкілдері, университет ардагерлері, оқытушы-профессорлар және білім алушылар қатысты. Салтанатты шара университет түлектері мен білім алушылары, «Дидар» халықтық би ансамблінің мерекелік концертімен қорытындыланды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 22 ғылым докторы, 12 профессор, 34 Phd докторы, 45 доцент, 176 ғылым кандидаты және 500-ден аса оқытушы мен магистр сапалы білім береді. Жаңа оқу жылында 3152 білім алушы қабылданып, жалпы контингент саны 9 мыңнан асты.