Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасына және Қызылорда облыстық полиция департаментінің нұсқауына сәйкес, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қыркүйек айының 10-11 күндері Сырдария ауданы көлемінде қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында рейдтік жұмыстар жүргізілді.
Осыған сәйкес аудандық полиция ғимаратында патрульдік полиция ротасы, Сырдария аудандық полиция бөлімі және бөлімнің сыртқы қызмет саласының қызметкерлері сапқа тұрғызылып, кеңейтілген нұсқаулық жиын өтті.
Жиынға Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дәурен Ибраев, Сырдария аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Ибраев, аудан прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Дәуірбек Ұзақбаев және аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев қатысты.
Аудан көлеміндегі ұйымдастырылған профилактикалық рейдтік іс шараға барлығы 30 қызметкер, 2 жылжымалы мобильдік топтан жасақталған автоэкипаж жұмылдырылды.
Жүргізілген жұмыстардың қатарында қылмыстардың алдын алумен террористік және экстремистік сипаттағы өзге құқыққа қайшы әрекеттерді уақытылы ескерту, олардың жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстары да бар. Жалпы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде жол қауіпсіздігі саласы бойынша барлығы 170 хаттама толтырылып, 10 автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Автокөлікті масаң күйінде басқарған дерегі анықталмады.
Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауға алынып, алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

