Kyzylorda-news.kz. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы смарт-картамен алдын ала төлеуді жүзеге асыратын электрондық тұрмыстық газ есептегіштерін пайдаланатын тұтынушыларға тегін негізде электрондық көрсеткіштен механикалық көрсеткішке ауысуды ұсынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлов мәлімдеді.
«Электрондық газ есептегіш ұзақ уақыт пайдаланылғанда батареясы тозып, есептегіш істен шығады. Соған сәйкес газ есептегішінің клапаны іске қосылып, газ беру автоматты түрде тоқтайды. Көбіне бұл жағдай әр ай аяқталғанда немесе әр айдың алғашқы күніне ауысу кезеңінде болады. Осындай мәселемен көптеген тұтынушылар өтініш қалдырып жатады. Осы ретте сала мамандары газ беруді қалпына келтіру үшін есептегіштерді электронды түрден механикалыққа ауыстыруды бір уақытта орындай алмайтындығын жеткізгім келеді», – дейді Ермек Қалдығұлұлы.
Механикалық есептегішті қолданудың артықшылығы – газ беру тұрақталады. Кассаға кезекте тұрудың қажеті жоқ, абонентке үйден шықпай-ақ, Халық және Каспи банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тұтынылған газ үшін ақы төлеуге мүмкіндік береді.