**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) 13-ші желтоқсан күні солтүстік циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.** Кәсіпорын таратқан ақпараттарға қарағанда, 13-ші желтоқсан күні республиканың кейбір аумақтарында жауын-шашын болады, ал кей жерлерінде жауын-шашын, қар мол көлемде түседі. Тек Қазақстанның шығысы антициклон жотасының ықпалында болғандықтан, күн жауын-шашынсыз болады. Республикамыздың кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді, бұрқасын болады. Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болып, жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, түнде бұрқасын, көктайғақ болады. Жамбыл, Түркістан облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.  Түркістан облысында күндіз екпіні 25 м/с жел соғады.