Kyzylorda-news.kz. Қыркүйек айының басында Қазатомөнеркәсіп Түркістан және Қызылорда облыстарының жеті елді мекенінде балаларға арналған заманауи ойын және спорт алаңдарының құрылысын аяқтады.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы Қазатомөнеркәсіп пен Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және жергілікті әкімдіктер арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында жүзеге асырылды.

Жобаларды іске асыру үшін әкімдіктер өз аумағынан жер учаскелерін бөліп, сол жерлерге балалар алаңдары салынды. Ауданы 430 шаршы метрлік әрбір алаңға жұмсақ еден жабыны төселіп, ойын және спорт жабдықтары орнатылды.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде Түркістан облысындағы Созақ ауданының Аққолтық, Жартытөбе, Қыземшек және Тайқоңыр кенттерінде және Отырар ауданының Көксарай кенттерінде, сондай-ақ Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Шиелі және Байкенже кенттерінде жергілікті тұрғындардың демалуына арналған заманауи ойын және спорт аймақтары пайда болды.

Бүгінде жалпы ауданы 3010 шаршы метр болған барлық объектілер жергілікті атқарушы органдарға берілді. Енді олар жабдықтардың жұмыс істеу қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ете отырып, көптің игілігіне қызмет етуін одан әрі қадағалайтын болады.

Тағы да оқыңыз: