Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов өмірден өтті

05.04.2021, 10:26

589 0

Kyzylorda-news.kz. Жазушы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек растады.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24-сәуірде Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген.

Қабдеш 1949-жылы Шәуешектегі жеті жылдық қазақ мектебіне оқуға түседі. 1952-1956 жылдар аралығында алдымен Шәуешек гимназиясында, одан соң 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Қазақ Мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға қабылданады. Алайда, 1958 жылы Қытай үкіметі оны кері шақыртып сол кездегі Қытайдағы саяси науқандарға байланысты жазушыға “ұлтшыл” деп айып тағады. Жұмаділов осылайша жастайынан саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Бірақ 1962 жылы Шыңжаңнан ауған қазақ жастарымен бірге Қазақстанға оралады.

Боданға шыққан жас талант Қазақ Мемлекеттік университетіндегі оқуын қайта жалғастырып, оны 1965 жылы тәмамдайды. Еңбек жолы 1965 – 67 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде басталады. Одан соң 1967 – 76 жылдары «Жазушы» баспасында, кейін 1976 – 81 жылдар аралығында Қазақстанның «Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері» жөніндегі мемлекет комитетінде қызметте болады. Ал, 1981 жылдан бастап жеке шығармашылық жұмыстарымен айналыса бастайды.

Оның алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. “Жамал” атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжідегі «Шұғыла» журналында жарияланды. Содан бері Жұмаділовтың шығаршылығы тарихи роман, повесть, әңгімелермен толығып, қазақ әдебиетінің мұрасын байытып келеді. Атап айтқанда, оның «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы, «Қаздар қайтып барады», «Сары жайлау», «Шарайна», «Сәйгүліктер» атты әңгіме, повесть жинақтары, «Көкейкесті», «Соңғы көш» «Бақыт жолында», «Атамекен» тағы басқа еңбектері оқырман жылы қабылдаған туындылар деуге болады.

Жазушы Тағдыр романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ал, 1998-жылдың 23-інші қазанында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

Қабдеш Жұмаділовтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылып, орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жарық көрген.

0

Пікір қалдыру